Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қарин арнайы мәлімдеме жасап, қабылданған шұғыл әрі жүйелі шараларды атап өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ерлан Қарин өз мәлімдемесінде Маңғыстаудағы қайғылы жағдайдың тұтас ел үшін ортақ қасіретке айналғанын айта келе, Президенттің бұл мәселені жеке бақылауына алғанын жеткізді. Ол өз сөзінде төмендегі жайттарға тоқталды:
«Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы жалпыұлттық қасіретке айналды. Мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты барлық негізгі мәселені, яғни зардап шеккендерге көмек көрсету, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермес үшін оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу жөніндегі жүйелі шараларды жедел түрде жеке бақылауына алды».
Мәлімдемеде атап өтілгендей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды.
Президенттің тапсырмасымен құрылған Үкіметтік комиссия шұғыл түрде оқиға орнына жіберіліп, қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен жауынгерлерге қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетілуде. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасын күдікті ретінде ұстады. Тергеу амалдары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына қолдау көрсету үшін арнайы қор құрылып, қаражат жинау ісі қолға алынды. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жиналған қайырымдылық қаражатының әділ әрі ашық бөлінуін қамтамасыз етеді.
Вице-президент елімізде тек жедел шаралар қабылданып қана қоймай, армияны түбегейлі реформалау жұмыстары қолға алынғанын атап өтті:
«Президент Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомствоның жұмысын кешенді тексеру жөнінде Комиссия құрды. Қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына жүргізілген аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде баяндалуға тиіс. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Президент атап өткендей, реформаның басты міндеті – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру».
Ерлан Тынымбайұлы мемлекет тарапынан кадрлық тағайындаулардан бастап әскерді жаңғыртуға бағытталған барлық қажетті шешімдердің қабылданғаны және жұртшылыққа ашық ақпарат беріліп отыратыны жеткізді.