Шығыс Қазақстан облысы Белоусовка кентінде кәсіпкер әйелдің өліміне және оның күйеуіне жасалған шабуылға қатысы бар деген күдіктілер өңірден қашып кетпек болған жерінен қолға түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
Жергілікті әлеуметтік желілерде Белоусовка кентіндегі жеке үйге белгісіз тұлғалардың баса-көктеп кіріп, үй иесі болған кәсіпкер әйелді өлтіріп, оның жарақат алған күйеуінің ауруханаға түскендігі туралы үрейлі ақпарат тараған болатын. Сонымен қатар желі қолданушылары аймақ бойынша құқық қорғау органдарының арнайы киіммен оқиға орнында жүргенін және халық арасында түрлі қауесеттің көбейгенін жазды.
Осы жағдайға байланысты Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков ресми мәлімдеме жасады:
«23 шілдеде Белоусовка кентінде аса ауыр қылмыс орын алып, тиісті қылмыстық іс қозғалды. Тіркелген сандық құралдарды қолдану мен азаматтардың берген көмегінің арқасында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар облыс аумағынан тыс жерге бой тасаламақ болған сәтінде құрықталды. Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр және істің барысы ерекше бақылауға алынды. Өзге ақпаратты жария етуге заң бойынша тыйым салынады».