Жамбыл облысы аумағындағы Қаратау қойнауында алтын барлау жұмыстарын жүргізген Қытай азаматтары жергілікті тұрғындардың қарсылығына тап болды. Бұл туралы Alash.kz порталы Stan.kz агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Тұрғындардың айтуынша, шетел азаматтары ерекше қорғалатын табиғи аумақта ауыр техникамен қазба жұмыстарын жүргізіп, табиғатқа зиян келтірген. Ауыл халқы тау-тасты аралап жүрген азаматтардан жөн сұрағанымен, олар нақты жауап бермегенін айтады. Кейін олардың алтын барлау жұмыстарымен айналысып жүргені белгілі болған.
Жергілікті халық ата-қоныс пен мал жайылатын жердің бүлінгеніне наразылық білдіріп, қытайлықтарды аумақтан қуып шыққан. Тұрғындар биліктің халықпен ақылдаспай жерді пайдалануға рұқсат бергеніне де қарсылық танытты.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, Жуалы Қарашат мемлекеттік табиғи аумағы секілді ерекше қорғалатын аумақта мұндай жұмыстарды жүргізу заңға қайшы.
Оқиғаға байланысты табиғат қорғау инспекторлары заң бұзушылық бойынша хаттама толтырып, материалдарды ішкі істер органдарына тапсырған. Алайда тұрғындар шетел азаматтарына ешқандай жаза қолданылмағанын айтып отыр.
Ал Дәулет Төленді бұл жұмыстардың тек барлау мақсатында жүргізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, компанияның арнайы рұқсаты бар, алайда халық қарсы болған жағдайда қазба жұмыстары тоқтатылуы мүмкін.
Сондай-ақ аудан әкімдігі 29 мамыр күні қоғамдық тыңдау өтетінін хабарлаған. Бірақ жергілікті тұрғындар бұл бастамаға да үзілді-кесілді қарсы екендерін айтып, табиғат бүлінген аумақты қалпына келтіруді талап етті.