Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жұбатпақ болдым: Алматыда балабақшада баланы тұншықтырған тәрбиеші өз шындығын айтты

17:00, 16 тамыз 2025 112

Алматыда 15 тамыз күні балабақшада баланы тұншықтырған тәрбиешіге үкім шығарылды, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Тәрбиеші төрт жасар баланы осындай қатыгез әдіспен тыныштандырмақ болған.

Сотта бойжеткен баланың әкесінен кешірім сұрап, көзіне жас алды.

«Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды. Түсіндім. Мұндай әрекет енді қайталанбайды деп уәде беремін. Шынымен өкінемін. Қателестім. Мен тек баланы тыныштандырмақ болдым. Оған зиян келтіру ниетім болған жоқ», — деді айыпталушы.

Тергеу барысында тәрбиешінің жасы небәрі 20-да екені анықталды. Ол медресені бітірген соң жекеменшік балабақшаға жұмысқа орналасқан. Сол жерде бойжеткен осындай қатал «тәрбие әдістерін» қолданған. Соның бірі камераға түсіп қалған.

Кадрда айыпталушының тәрбиеленушіге дем алуға мүмкіндік бермегені анық көрінеді. Бала қашып шығуға тырысқанымен, ол оны аяғынан ұстап алады. Барлығы өзге қызметкерлердің көз алдында болған, бірақ ешкім араласпаған.

Айыпталушы өз кінәсін мойындады. Кәмелетке толмағанды азаптағаны үшін оны 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Жазасын ол орта қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді. Бұдан бөлек, алдағы 10 жылда балалармен жұмыс істеуге тыйым салынды.

«Мен сот шешімімен келісемін. Өйткені бұл тек менің балама ғана қатысты емес. Бұл — бөтен балаларға қол көтеретін барлық тәрбиешілерге сабақ болуы керек. Менің ойымша, балабақшаларға тек дипломы бар педагогтарды алу қажет. Олар міндетті түрде стресс-төзімділікке психологиялық тест тапсыруы тиіс», — деді баланың әкесі Абылай Рахатов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар