Бангкоктың дәл ортасында жол жермен бірге опырылып түсіп, шамамен 50 метр тереңдікте алып шұңқыр пайда болды. Оқиға салдарынан көлік қозғалысы тоқтап, тұрғындар қауіпсіздік мақсатында шұғыл эвакуацияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
AP агенттігінің дерегінше, адам шығыны жоқ. Дегенмен, үш көлікке зақым келгенін қала губернаторы Чадчарт Ситтипунт растады. Оның айтуынша, опырылудың басты себебі – жер астындағы жаңа метро станциясының құрылысы.
Желіде тараған видеоларда жолдың біртіндеп төмен түсіп, бірнеше электр бағанасын құлатып, су құбырларын үзген сәті бейнеленген. Шұңқыр ұлғайған сайын көліктер шегінуге тырысқанымен, опырылу төрт жолақты көшені түгелдей қиратқан. Тіпті шұңқырдың бір бөлігі полиция бөлімшесіне дейін жетіп, ғимараттың жер асты құрылымын ашып тастаған.
Қала билігінің мәліметінше, жақын маңдағы аурухана амбулаторлық қызметін екі күнге уақытша тоқтатты. Аурухананың ғимаратына зақым келмегенімен, полиция бөлімшесі мен маңайдағы нысандардан адамдар қауіпсіздік үшін көшірілді.