ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ММА шебері әрі актер Еркебұлан Тоқтар Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің әлеуметтік желіде өзіне арнап жазған постына жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін боксшы Еркебұланның суретін бөлісіп, оны «хайп қуған азамат» деп атап, сұхбаттарында «ұрып аламын» деген сыңайда пікір білдірген болатын. Спортшының бұл постына Еркебұлан Тоқтар арнайы бейнеүндеу жасап, жауап қайтарды.
Актер Олимпиада чемпионының неліктен оған шүйлігіп, пост арнағанын түсінбей отырғанын және оның спорттық дәрежесін сыйлайтынын атап өтті.
«Жетпей тұрғаны осы еді... Менің фотома репост жасаған да, “Маған мына Олимпиада чемпионынан да жоғары санайтын хайпажерді беріңіздерші” деп жазып қойыпты. Мен бұл “братанға” не істеп қойғанымды білмеймін. Бірақ, бір емес, екі емес, сұхбатында “мен мұны ұрып аламын” деді. Қазір “хайпожер” деп салып қойыпты. Әлде мені “Мотиватормен” шатастырып тұр ма? Бұл кісі менің деңгейіме түсіп, бокстасатын адам емес. Мен қазір көп адамның арасында red flag болып тұрмын. Мүмкін жақтырмай қалған шығар. Дәке, егер, мені принципті түрде ұрғың келсе, Ruh boxing-ке келіп, ұрып тастасаңыз болады. Олимпиада чемпионы, оның үстіне қазақ ағама ұтыла салу маған қиын емес. Ал, егер халықтың алдында ұрғыңыз келсе, онда промоутерларға шығып, кәдімгідей кездесу өткізейік. Барынша тұрып беремін, енді. Мені ұрмайынша қоймайтын сияқты», — деді Еркебұлан Тоқтар.
Еркебұланның бұл мәлімдемесі желіде үлкен талқылау тудырды. Актердің рингке шақыруына чемпион тарапынан әлі де жауап берілген жоқ.