Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жеті жасымнан бастап зорлап келді: Астанада зорлық көрген қыздың туысына қатысты іс тоқтап қалды

11:42, 05 тамыз 2026

Астанада 17 жастағы қыздың нағашысына қатысты қылмыстық іс қайтадан тоқтатылды, деп хабарлайды ALASH.KZ.  Newtimes.kz сайтына сілтеме жасап.

30 шілдеде Астанада жеті жасынан бастап өзіне тиісті емес әрекеттер жасаған, ал 13 жасында зорлаған деп айыпталған 17 жастағы қыздың нағашысына қатысты қылмыстық іс екінші рет тоқтатылды. Бұл туралы қыздың анасы Эльвира редакцияға хабарлады.

Эльвираның айтуынша, отбасы құқық қорғау органдарынан қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы ешқандай ресми хабарлама алмаған. Оның сөзінше, бұл шешім туралы өзі мен адвокаты Астана қалалық полиция департаментіне іс материалдарымен танысу үшін барған кезде ғана білген.

«Бізге істің 30 шілдеде тоқтатылғанын айтты. Бірақ 1414-тен ешқандай SMS-хабарлама келген жоқ. Мен заңды өкіл ретінде де, адвокатым да, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл де бұл жөнінде алдын ала хабардар етілмеді. Белгісіз себептермен бұл істі екінші рет жабуға тырысып жатқандай әсер қалдырады», – дейді Эльвира.

Анасының айтуынша, дәл осы қылмыстық іс бұған дейін де, 29 маусымда тоқтатылған. Алайда отбасы ол кезде де ешқандай хабарлама алмаған. Істің жабылғанын олар тек 8 шілдеде біліп, келесі күні түрлі мемлекеттік органдарға шағымдана бастаған.

Кейін, 13 шілдеде, қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күші жойылып, 1414 қызметінен істің қайта қозғалғаны туралы SMS-хабарлама келген. Алайда Эльвираның сөзінше, содан бері іс бойынша ешқандай тергеу немесе өзге де процессуалдық әрекеттер жүргізілмеген.

Редакция қылмыстық істің неліктен қайта тоқтатылғанын анықтау үшін Астананың Есіл аудандық полиция басқармасына ресми сауал жолдады. Материал жарияланған сәтке дейін ведомстводан жауап түспеген.

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы 17 жастағы бойжеткен жеті жасынан бастап туған нағашысының тарапынан жыныстық сипаттағы қысым көргенін, ал 13 жасында зорланғанын мәлімдеген болатын. Қыздың анасы Эльвира қызына қатысты сексуалдық зорлық жасады деп айыпталған туысының қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етіп келеді.

Айта кетейік, бұл материалда айтылған айыптаулар бойынша соттың түпкілікті шешімі шықпаған. Қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп, кінәлілік мәселесі заң аясында қаралады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар