Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Жеделдетуді сұраймын”: Бектенов Үкімет Қазақстанда электромобильдер шығаратын зауыт ашуға мүдделі екенін баса айтты

12:11, 21 шілде 2026

Олжас Бектенов Қазақстанда электромобильдер шығару жобасын жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырды, деп жазады Alash.kz.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық автокөлік өнеркәсібін дамытуда әлемдегі жетекші электромобиль өндірушілерімен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұловтың BYD компаниясымен ынтымақтастық туралы ақпаратын тыңдаған Олжас Бектенов Үкіметтің Қазақстанда электромобильдер шығаратын зауыт ашуға мүдделі екенін баса айтты. 

«Биыл BYD автобустарын өндіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Шанхайда делегация құрамында BYD компаниясымен кездестік. Жеңіл автокөліктерге келетін болсақ, біз бұл тапсырманы қарастырдық. Келесі жылы BYD өндірісін игереміз деп жоспарлап отырмыз. Себебі BYD бірегей автомобильдер шығаратын компания. Олар электр қуатымен жүретін гибридті және толық электрлі көліктер өндіреді. Уақтылы берген тапсырма үшін алғыс айтамын. Компаниямыз тұтынушыларының және экономикамыздың барлық талабы мен сұраныстарына сай болу үшін BYD автокөліктерін өндіруді игеруі қажет»,  — деді «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов.

Үкіметтің мәлімдеуінше, Премьер-министр қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін растап, жобаны жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырды. 

«Біз Қазақстанда BYD электромобильдер шығаратын зауыттың ашылуына мүдделіміз. Үкіметтен қажетті қолдау көрсетіледі, осы жобаны жүзеге асыруды жеделдетуді сұраймын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінде BYD Қазақстандағы жаңа энергия көздерін пайдаланатын автомобильдер нарығында жетекші орынға ие. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында аталған брендтің 2 мыңнан астам көлігі, соның ішінде 795 электромобиль сатылды. Жыл соңына дейін дистрибьютор сатылым көлемін 6500 автокөлікке дейін, ал 2027 жылы 12 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар