Ресей Федерациясының Тува Республикасындағы Чадан қаласында 2025 жылғы 21 қазанда орын алған ауыр қылмыс қоғамның қатты наразылығын тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Тергеу органдарының мәліметінше, 35 жастағы күрес жаттықтырушысы Кежик Кара-Сал бірнеше сағат бойы өз әйелі Айымға аяусыз физикалық күш көрсетіп, нәтижесінде жәбірленуші көз жұмған. Ұсталған азамат бастапқы түсініктемелерінде қылмыстық әрекетін марқұмның тарапынан болған арандатушылықпен байланыстырып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан.
Ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынасы мектеп қабырғасынан басталған. Екеуі де Красноярск қаласында заңгерлік бағытта жоғары және арнаулы орта білім алып, кейіннен ресми некеге тұрып, үш қыз баланы дүниеге әкелген. Кежик Кара-Сал кәсіби деңгейде спортпен шұғылданып, жергілікті жекпе-жек орталығында балалар жаттықтырушысы болып қызмет атқарған. Сырт көзге беделді маман болып көрінгенімен, отбасылық өмірінде тұрақты түрде зорлық-зомбылық белгілері байқалған.
Марқұмның туыстары мен таныстарының айтуынша, үй шаруасындағы ауыр физикалық жұмыстар мен бала тәрбиесі толықтай әйелдің мойнына жүктелген. Жұбайының тарапынан қатаң қаржылық бақылау мен психологиялық қысым көрсетіліп отырған.
Жәбірленушінің құрбысы берген мәліметінде: «Жаттықтырушылардың жалақысы онша көп емес еді. Ол әр тиынды санап, қайда жұмсағанын сұрап, әйелінің әр қадамын бақылап отырды», — деп атап өтті.
Айым денсаулығының нашарлауына және денесіндегі жарақаттардың жиілеуіне қарамастан, күйеуінің кәсіби абыройын сақтау мақсатында болған жағдайларды жасырып келген.
Осыған қатысты куәгерлер: «Кежик болмашы нәрсеге бола ашуланып, ұратын болған. Бірақ Айым ешкімге шағымданбады. Тіпті оны қорғап, «Ол жаттықтырушы ғой, балаларға үлгі. Оны масқаралауға болмайды» дейтін», - дeп келтіреді.
Тұрмыстық жанжалдың ушығуына Кежик Кара-Салдың өзге әйелмен жасырын қарым-қатынаста болып, одан ер баланың дүниеге келуі себеп болған.

Фото: Stan.kz (Айымның жеке архивінен)
Бұл туралы ақпаратты Айым әлеуметтік желі арқылы білген. «Сөйтсе, күйеуі басқа әйелмен ұзақ уақыт кездесіп жүрген. Ол әйел оған ұл туып берген» деген деректер отбасындағы жағдайды одан әрі қиындатқан.
Жәбірленуші отбасылық бүтіндікті сақтау үшін бұл жағдайды кешіргенімен, күдіктінің тарапынан агрессиялық әрекеттер тоқтамаған. Ер адамның өз әрекетін «әйелінің ұл туып бере алмауымен» байланыстыруы және жиналған ішкі наразылығы ақыр соңында қайғылы оқиғаға ұласқан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс толық көлемде тергеліп, материалдар сот қарауына жолданды. Күдіктіге қатысты тиісті процессуалдық шешім қабылдау мәселесі қарастырылуда.