Ақтөбе қалалық сотында жұбайының өліміне кінәлі деп танылған 37 жастағы азаматшаға қатысты сот үкімі жарияланды, деп жазады Alash.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға өткен жылдың көктем айында орын алған. Отбасылық жанжал барысында айыпталушы күйеуіне пышақ жарақатын салған. Соққылардың бірі кеуде тұсына, атап айтқанда жүрекке тиіп, соның салдарынан ер адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Сотталушы Ксения Седова тергеу амалдары жүргізілген 7 ай бойы уақытша ұстау изоляторында қамауда болды. Іс бойынша жүргізілген медициналық сараптама қорытындысы қаза тапқан ер адамның қанында 4,58 промилле мөлшерінде алкоголь болғанын, яғни оның қатты дәрежедегі мас күйінде болғанын растады.
Сот талқылауы барысында айыпталушыға бастапқыда тағылған «Адам өлтіру» бабы қайта қаралып, «Жан күйзелісі (аффект) жағдайында жасалған адам өлтіру» бабына ауыстырылды. Бұл шешімге оқиғаға қатысты үш мәрте жүргізілген сот-психологиялық және психиатриялық сараптамалардың тұжырымдамасы негіз болды. Мамандар әйелдің өз әрекетін физиологиялық аффект жағдайында жасағанын дәлелдеген соң, қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 101-бабы бойынша қайта сараланды.
Сот үкімімен К. Седова кінәлі деп танылғанымен, «Рақымшылық жасау туралы» Заңның нормаларына сәйкес ол негізгі жазадан босатылды. Осыған байланысты сотталушы сот залынан дереу босатылды.