Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында Атырау облысында екі адамды өлтірді деген күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті ұстады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл операция қазақстандық полицейлердің шетелдік әріптестерімен өзара іс-қимылының нәтижесінде жүзеге асырылды. Ұсталған азаматқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес, ауырлататын мән-жайларда (пайдакүнемдік ниетпен екі немесе одан да көп адамды өлтіру) аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылып отыр.
Сонымен қатар, бұған дейін халықаралық іздеуде хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болған күдіктінің бұрынғы жұбайы да табылды.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, 2025 жылдың қараша айында Атырау облысында күдікті ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар негізінде және пайдакүнемдік мақсатпен екі адамды өлтіруді алдын ала жоспарлаған. Қылмысын іске асырғаннан кейін ол ізін жасыру үшін мәйіттерді шаруашылық құрылыстың астына көміп, қан іздерін жойған. Сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен ақшалай қаражатын иемденіп кеткен.
Қазіргі уақытта күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылуда.