Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Әскерге барған жас балаларды өлтіріп, мүгедек қылып, тіпті "қызтеке", "көгілдірге" айналдырады" - Қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы

11:27, 25 ақпан 2026

Қоғам белсендісі, танымал журналист Сәуле Әбілдаханқызы қазіргі әскердегі ахуалға байланысты әлеуметтік желіде өткір пікір жариялады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Ол соңғы жылдары әскерге қатысты түрлі келеңсіз жағдайлардың жиілегенін айтып, бұл мәселенің себептеріне алаңдаушылық білдірген. Журналистің сөзінше, әскер бозбалаларды шыңдап, отан қорғауға тәрбиелейтін орта болуы тиіс. Алайда соңғы жылдары сарбаздардың қаза табуы, мүгедек болып оралуы немесе психологиялық күйзеліске ұшырауы қоғамда үлкен сұрақ тудырып отыр.

Сәуле Әбілдаханқызы әскерге шақыру жүйесіндегі өзгерістерді де сынға алған. Оның айтуынша, бір кезеңде әскери билетсіз жоғары оқу орнына түсу немесе жұмысқа орналасу қиындап, кейіннен оның маңызы төмендеген. Соның салдарынан жастардың әскерге деген қызығушылығы азайған.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі жазбасында әскерге мәжбүрлеп әкету фактілері туралы айтылып жүргенін тілге тиек етіп, мұндай әрекеттер заң аясында реттелуі тиіс екенін атап өтті.

Әскерге "контрактник" болып 1 жылға барады... офицерлердің немесе небір тәрбие көрмеген тексіздердің "кассасы" болып, сұраған сәтінде ақшамен, единицамен қамтамасыз ететін "спонсорына" айналады... ақша бермесе, бір ауыз қарсылық көрсетсе, таяқ жеп, не өлігі келеді, не мүгедек боп келеді... тіпті, ең сорақысы, хайуандар жас балаларды "қызтеке", "көгілдірге" айналдырады.... Қазақ әскерінің әлсіз, сорлы, рухсыз болуы кімге керек? Осы сұраққа көп ойланып, бұның тереңінде жасырынған бір-ақ жауапты таптым: қазақ әскерінің сорлы болғаны, бір-бірін қырғаны, робот сияқты рухсыз болғаны үш дұшпанымызға керек: мәңгүрт билікке, ырфыға, қытайға... оларға салса, тіпті, қазақта атом бомбасы ғана емес, мықты әскер де болмағаны керек... ар жағын өздеріңіз ойлаңыздар... астарына терең бойласаңыздар талай нәрсе түсінікті болады...

Белсендінің пікірінше, әскер — мемлекет қуатының, ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің басты тіректерінің бірі. Сондықтан әскери салада тәртіпті күшейтіп, заңнаманы жетілдіру, құқық бұзушылықтарға қатаң шара қолдану және кәсіби, білікті офицерлік құрамды қалыптастыру маңызды.

Журналист бұл мәселе қоғам тарапынан да, билік тарапынан да жан-жақты назар аударуды қажет етеді деп есептейді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар