Ең төменгі жалақы мөлшері медиандық табыстың кемінде 50 пайызы деңгейінде белгіленуі қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Alash.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін ең алдымен ең төменгі жалақыны арттыру маңызды.
«Ең төменгі жалақы орташа жалақының 50 пайызынан төмен болмауы керек. Алайда бұл жерде статистикалық орташа жалақы емес, медиандық жалақы негізге алынуы тиіс. Яғни ең төменгі жалақы медиандық жалақының 50 пайызынан кем болмауы қажет», – деді ол.
Айта кетейік, медиандық жалақы – барлық қызметкерлердің табысы өсу ретімен орналастырылған кезде дәл ортасында тұрған көрсеткіш. Яғни халықтың жартысы осы сомадан аз, ал жартысы одан көп табыс табады.
Еркін Әбілдің пікірінше, мұндай тәсіл азаматтардың табысы инфляция мен баға өсімінен кейін қалып қоймауына мүмкіндік береді және әлеуметтік теңгерімді сақтауға ықпал етеді.