2025 жылғы 1 қыркүйекте Алматы қаласында 13 жастағы қызды әкесінің досы зорлады деген ақпарат тарады. Аталған іске қатысты Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Вице-министрдің мәліметінше, қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Алматы қалалық полиция департаменті де кәмелетке толмағанға қатысты құқыққа қайшы әрекет жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанында тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданған.
Оқиға болған кезде қыздың анасы мас күйінде көлік басқарғаны үшін сотталып, жазасын өтеу мекемесінде болған. Анасының айтуынша, оған қызына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы мемлекеттік органдар алты ай бойы хабарламаған.
Осы аралықта жәбірленушіге психологиялық көмек көрсетілмегені айтылды. Сонымен қатар, құқық қорғаушылардың дерегінше, сот процесі барысында қызға күдікті тарапынан қысым жасалған. Соның салдарынан жәбірленуші алғашқы айғақтарын өзгерткен.
БАҚ-та күдіктінің АИТВ жұқтырғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметке ресми органдар жария түрде түсініктеме берген жоқ.
Іске Human Rights Lawyers қорының адвокаттары араласқан. Қор өкілдері іс материалдарын зерттеу барысында бірқатар процессуалдық бұзушылықтарды анықтағанын мәлімдеді. Олар сотта қылмыстық істі прокурорға қайтару және қосымша сараптама тағайындау туралы өтінішхат беруді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.