«Хабар» телеарнасындағы «Қоғам пікірі» бағдарламасында Жаңа адамдар жастар қозғалысының өкілдері өзекті тақырып балаларды қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесін көтерді. Эфирге Мәжіліс пен Сенат депутаттары, заңгерлер мен қоғам белсенділері қатысты, деп жазады Alash.kz.
Қозғалыс мүшелері бастамашыл жобалары арқылы азаматтық ұстанымдарын тұрақты түрде көрсетіп келеді. Солардың бірі — балаларды қорғауға және педофилиямен күресуге бағытталған «124» азаматтық науқаны. Бағдарлама барысында науқан көшбасшысы Қуаныш Алмат сөз алып, қоғамдағы өзекті мәселе — әлеуетті педофилдерді дер кезінде анықтау мен есепке алу қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, 124 науқанының басты мақсаты — ерте әрекет ету жүйесін қалыптастыру және әлеуетті қылмыскерлерді анонимділіктен айыру. «Педофилдерді профилактикалық есепке алу — бұл тек бақылау емес, бұл заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыру, қайғылы жағдайлардың алдын алу», — дейді қозғалыс өкілдері.
Жаңа адамдар қозғалысы балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік мәдениетін орнықтыруға бағытталған нақты жобалармен танылып келеді. «124» секілді бастамалар қоғамдағы азаматтық белсенділіктің нақты іс-әрекетке айналғанының айқын көрінісі.
Бұл қозғалыстың ұстанымы қарапайым: «шынайы патриотизм — ұранмен емес, күнделікті әрекетпен өлшенеді». Өзгерісті өзіңнен бастап, қоғамның қауіпсіздігі мен болашағы үшін жауапкершілік алуға шақырады.