Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жас таланттарды танытатын өнер кеңістігі Алматыда қарқынды дамып келеді

15:27, 20 қараша 2025

Жас суретшілердің жаңа туындылары, педагогтар мен тәлімгерлердің кәсіби еңбегі, балаларға бағытталған ауқымды іс-шаралар Алматының мәдени-ағартушылық миссиясын айқын көрсетеді.

Мемлекеттік орталық музейде ашылған «Күзгі симфония: балалар мен тәлімгерлер» көрмесі – осындай бастамалардың жарқын үлгісі. «Тұмар-Арт» суретші-педагогтар қауымдастығы ұйымдастырған көрме ұрпақтар сабақтастығының шығармашылық тұрғыда көрініс тапқан ерекше алаңына айналды. Экспозицияда түрлі техникада орындалған 100-ден астам туынды ұсынылып, көрермендер жас суретшілердің шығармашылық ізденісі мен олардың ұстаздарының көркемдік шеберлігін бір мезетте тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Қауымдастық жүзеге асырып жүрген «Арт-Флора», «Ғалам палитрасы», «Алматы – мың түстің қаласы», «Атамекен» сияқты жобалар балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының қалыптасуына ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде үлес қосып келеді.

Жас таланттарды танытатын тағы бір маңызды мәдени оқиға – «Бояулар құпиясы» республикалық жас суретшілер байқауы. 23–24 қыркүйек күндері өткен бұл шараға еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан 120-дан астам жас суретші қатысты. Байқаудың алғашқы кезеңі Қарасай ауданындағы «Өрнек» лагерінде ұйымдастырылып, балалар шеберлік сабақтарына қатысып, шығармашылық жұмыстарын орындады. Екінші күні Алматы Оқушылар сарайында байқаудың салтанатты жабылу рәсімі өтіп, үздік жұмыстар көрермен назарына ұсынылды. Қатысушылар «Қазақстан бояулары», «Тірі ғаламшар», «Бейбітшілік пен мейірімділік» сияқты маңызды тақырыптарда жарысып, өздерінің талғамын, азаматтық көзқарасын және шығармашылық қиялын паш етті.

Байқауға қатысқан және көрмеге жұмысын ұсынған жас суретшілердің көпшілігі қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі бәйгелердің жүлдегерлері. Олардың туындылары Алматының мәдени өміріндегі жаңа серпінді, заманауи көзқарасты, креативті ойлауды көрсетеді. Білім басқармасы өкілдері де мұндай бастамалардың тәрбиелік маңызын ерекше атап өтті. Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Малғаждарова балалардың шығармашылыққа деген ынтасын ояту, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде республикалық байқаулардың орны ерекше екенін жеткізді.

Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдердің өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жобалар жүйелі түрде жалғасын табуда. Мектептердегі шығармашылық студиялар, қосымша білім беру орталықтары, музей мен кітапхана жанындағы өнер үйірмелері, қалалық деңгейдегі фестивальдер мұның барлығы жас суретшілердің өз қабілетін көрсетіп, жаңа жетістіктерге ұмтылуына жол ашады. Қала әкімдігі мен шығармашылық қауымдастықтардың өзара әрекеттесуі арқасында Алматы балалар өнерінің дамуына қолайлы мәдени ортаны қалыптастырып келеді.

Жас таланттардың еңбегін бағалау, олардың шығармашылығын кең аудиторияға таныстыру болашақ суретшілердің кәсіби қалыптасуына берілетін үлкен қолдау. Алматыда ұйымдастырылып жатқан көрмелер мен байқаулар тек мәдени іс-шара ғана емес, жас буынның өнерге деген сүйіспеншілігін арттыратын, олардың ішкі әлемін байытып, шығармашылық шеберлігін шыңдайтын маңызды орта. Өнердің дамуы әрқашан қоғамның дамуымен тікелей байланысты, ал Алматы бұл бағытта жас ұрпаққа кең өріс ашып, ұлттық өнердің болашағын қалыптастырып келеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар