Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа рәсімдері мен құдайы аста ысырапшылдықты азайту мақсатында жаңа мәзір бекітті, деп хабарлайды Alash.kz.
Енді дастарханға артық салат, тәтті бәліш, торт немесе жеміс-жидек қоюға тыйым салынады. Имам Өмірзақ Бекқожа бұл талаптың исламдағы ысырапқа қарсы ұстаныммен үндес екенін атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – келген жамағатты тамақтандыру, ал артық ас беруге немесе үстелде жарыс ұйымдастыруға болмайды.
«Жергілікті имамдар мүфтият бекіткен осы құжатты халыққа жеткізуге міндетті. Біз үміттенеміз, барлық қазағымыз бір тәртіппен дастарханын ізгілікпен құрады», – деді имам.
Мүфтияттың нұсқауына сәйкес, жаназа үстелінде тек алты негізгі өнім болуы тиіс:
- Нан өнімдері: бауырсақ пен шелпек;
- Сусын: шай және су;
- Ыстық тағам: ет немесе палау.
Сонымен қатар сары май, тары-талқан, қант пен кәмпит тек ұсыныс ретінде енгізілген. Ал тәтті бәліштер, салаттар мен әртүрлі жемістер тізімге кірмейді.
Қазіргі таңда бұл ереже Арқалық, Павлодар, Абай облыстары мен Жезқазған қаласында енгізілген. Имамдар мен дінтанушылардың пікірінше, қара жамылған отбасының үстелінде түрлі тағамдардың көп болуы қажет емес. Ас – халық арасындағы сыйластық пен дұғаның символы, ал артықшылық пен ысырап бұл құрметті әлсіретеді.