Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов продюсер Баян Алагөзованың актриса Меруерт Өтекешоваға қатысты жасаған қайырымдылық бастамасына қолдау білдірді, деп жазады Alash.kz.
Парламент кулуарында журналистерге берген сұхбатында ол сахнадан алыстаған ардагер өнер иелерінің әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық білдіріп, меценаттардың бұл бағыттағы белсенділігін маңызды үрдіс деп атады. Айта кетейік, бұл мәселе «Қыз Жібек» фильміндегі тарихи камзол төңірегіндегі даудан кейін қоғамның назарына ілікті.
Депутат Ринат Зайытов өнер адамдарының зейнет жасындағы немесе шығармашылық үзіліс кезіндегі қиындықтарын тілге тиек етті. Ол кәсіпкерлер мен меценаттардың танымал тұлғаларға қолдау көрсетуі өркениетті елдерге тән сипат екенін айтты. Осы ретте депутат Баян Алагөзованың нақты қадамын өзгелерге үлгі ретінде көрсетті.
Депутат өз ойын былайша сабақтады:
«Әрине, қолдаған дұрыс. Өнер адамдары сахнадан сәл алыстаған кезде жағдайы мәз болмайды. Бұл жақсы үрдіс. Баян Алагөзова үлгісін көрсетіп отыр».
Оның пікірінше, мұндай жеке бастамалар мемлекеттік қолдау тетіктерімен қатар жүруі тиіс.
Дауға арқау болған жәдігер туралы продюсер Баян Алагөзованың өзі де қосымша түсініктеме берді. Ол Меруерт Өтекешова киген тарихи камзолдың өзіне заңды түрде сыйға тартылғанын тағы бір мәрте еске салды. Дегенмен продюсер бұл құнды жәдігердің болашақта қайда сақталатынына қатысты шешімді қоғам мен мемлекеттік органдардың бірлескен ұстанымы негізінде қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін продюсер Баян Алагөзова актриса Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп отыратынын ресми түрде жариялаған болатын.