Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында адам болмысы, өзгерісі мен қоғамның өзгелерге баға беруіне қатысты салмақты ой қозғады, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі адамды көзі тірісінде бағалап, жақсы жаққа қарай бағыт алған жанды бірден айыптауға немесе оған теріс диагноз қоюға асықпау керектігін баса айтты.
Актриса адам табиғаты мен қоғамдағы өсек-аяң туралы:
«Адам өмірде өтсе, «Жақсы адам еді» деп шын-өтірігін араластырып айтамыз. Тірі жүргенде дымын қалдырмай, жер-жебіріне жетеміз. Адам өзгеріп жатса, «Алқаш еді, адам болып қалыпты, намаз оқып кетіпті ғой» деп жатамыз. Ол адамның құндылығы, өмірге көзқарасы өзгерген шығар. Кей адамдар қызыл-жасылды қуалап, біраз жасқа дейін жүреді. Бренд, бриллиант, байлық деп жүреді. Содан кейін ішіндегі жарығы жанып, ішкі әлеміне үңіле бастайды. «Мен не істедім, жақсылық жасадым ба, артыма не қалдырып жатырмын, жақсы адам болдым ба?» деген сұрақ қояды. Ал біз оған «Білгіш, коуч болып кетіпті. Байлығынан айырылыпты» дейміз. Мүмкін ол адамға байлық керек болмай қалған шығар. Танитын адамымыз жақсы жаққа өзгерсе, рухани оянды деген сөз. Оны жамандап жүрген өзіміз», — деп өз пікірін ашық білдірді.
Сондай-ақ өнер иесі адамның рухани өсуі мен дүниетанымының жаңаруын материалдық құндылықтардың жоғалуымен шатастырмауға, өзгеріске түскен әрбір жанның таңдауына құрметпен қарауға шақырды.