Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаңа ритмге қосыл – мейірімді бол»: Астанада жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік акция өтті (ФОТО)

17:53, 20 желтоқсан 2025

Астанада «Мейірімді Қазақстан» акциясы аясында «Жаңа адамдар» қозғалысы ұйымдастырған «Жаңа ритмге қосыл - мейірімді бол» атты жаңа жылдық әлеуметтік іс-шара өтті, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

«Жаңа ритмге қосыл» - азаматтық науқан. Бұл науқанның басты принципі - музыка ырғағы арқылы адам ойын ізгі іске баулу және азаматтық белсенділікті ту ету. Бұған дейін осы науқан аясында Алматыдағы Көк Төбе баурайында, Ақтаудағы Каспий жағасында экологиялық проблемадан қорғану мақсатында барабандар шеруі өтті. Қайырымдылыққа бағытталған бүгінгі акцияда қозғалыс белсенділері балалар үйлерінің тәрбиеленушілерімен бірге мұз айдынына шықты. Ұйымдастырылған жаппай сырғанау кезінде балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы белсенділердің тұрақты бақылауында болды.

Шараның басты мақсаты - қоғам назарын балаларды қолдау мәселесіне аудару, сондай-ақ мейірімділік, жанашырлық пен өзара көмектесу құндылықтарын дәріптеу. Жаңа жыл қарсаңында өткен бұл бастама балалар үшін есте қаларлық сәттерге толы болды. Барабан шоуы, балаларға Аяз ата мен Ақшақардың қойылымы, ерекше тарту сыйлар мен жұмсақ ойыншықтар қатысушылардың көкейінде ортақ қуаныш пен жылулыққа негізделген мерекелік атмосфера қалдырды.

«Біз осы жұмыстарымыз арқылы азаматтық белсенділіктің тек қана заңдарды қорғау, не болмаса басқа да әрекеттер емес, мейірімді болу, адам болып қалу екенін көрсеткіміз келеді. Осылайша, заманауи азамат қалай болуы керек екендігінің үлгісін көрсетеміз! Мемлекет басшысы айтып кеткендей, әділеттікті талап етумен қатар, жаңашылдықты және ізгі қасиетті бойымыздан жоғалтпауымыз қажет. Өйткені, бұл - біздің ұлттық болмысымыз» - деді «Жаңа адамдар» қозғалысы белсендісі Нұрай Өмірзақова.


«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдайтын прагматизм, білімге басымдық беру және іскерлік секілді құндылықтарды алға қоятын жалынды жастар тобы. Бірігіп, қоғамның санасын өзгертуді азамат болуды, азаматтық ұстанымдарды биік қоюды басты қағида еткен қозғалыс заңсыз қоқыс орындарымен, ұзақ мерзімді құрылыстармен, таксидегі алымсақтық сияқты қоғамдағы өзекті мәселермен айналысады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар