Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаңа адамдар» қозғалысының көшбасшысы Каспий теңізін қорғап қалуға қатысты ұсыныс айтып, RES 2026 халықаралық экологиялық саммитінде сөз сөйледі

18:21, 25 сәуір 2026

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде RES 2026 халықаралық экологиялық саммиті өтті. Оған Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия елдерінің көшбасшылары қатысып, экология мен тұрақты даму мәселелерін кеңінен талқылады, деп хабарлайды Alash.KZ.

Еріктілер жылы мен экологиялық бастамаларға арналған халықаралық сессияда «Жаңа адамдар» қозғалысының көшбасшысы Асель Баденова сөз сөйледі. Ол Каспий теңізін қорғау мәселесін жасампаз патриотизммен және азаматтардың жеке жауапкершілігімен тікелей байланыстыра қарастыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ табиғатқа жанашырлық таныту қағидатының Конституцияда көрініс табуы – өркениетті қоғам дамуының айқын бағыты екенін жеткізді.

«Жаңа адамдар» қозғалысы бұл бағытта бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және халықаралық деңгейдегі креативті акцияларды ұйымдастыру ісі жолға қойылған.

Соның бір мысалы – Каспий жағалауында өткен бастама. Қозғалыстың жүздеген белсендісі жағалаудағы елдерді теңізді сақтау үшін күш біріктіруге шақырды.

Бүгінде бұл мәселенің халықаралық деңгейде көтерілуі азаматтық белсенділіктің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Саммит барысында мемлекет басшылары халықаралық сарапшыларды ортақ әрі жүйелі шешімдер іздеуге үндеді.

Сондай-ақ халықаралық көрме аясында «Жаңа адамдар» белсенділері «Каспийді сақтаймыз» атты арт-нысан орнатып, халықаралық деңгейде байланыстар орнатты.

Асель Баденова өз сөзінде:
«Экология туралы айтқанда, көбіне технология мен ережелерге басымдық береміз. Алайда Каспийді, Аралды және жалпы табиғатты сақтау – ең алдымен адамның өзіне байланысты. Айналасында не болып жатқанын байқап, соған бейжай қарамай, жауапкершілік ала білу – нақты өзгерістің бастауы», – деді.

Саммит қорытындысы бойынша Caspian Sea Action Week 2026 апталығын өткізу жөніндегі халықаралық меморандумға қол қойылды. Бұл бастама Каспий өңіріндегі ең ауқымды экологиялық жобалардың бірі ретінде бірлескен күш-жігерді арттырып, ортақ жобаларды жүзеге асыруды көздейді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар