Қалада қалыптасқан дамыған инфрақұрылым, жоғары деңгейде ұйымдастырылатын жарыстар және кәсіби спортшылардың жарқын нәтижелері Алматының спорттық имиджін жаңа деңгейге көтеруде. Спортқа арналған заманауи нысандардың көбеюі, халықаралық талаптарға сай ареналардың қолжетімділігі және ірі турнирлерді қабылдаудағы тәжірибе мегаполистің жаһандық спорттық қауымдастықтағы беделін айтарлықтай арттырды. Осы факторлардың барлығы Алматыны өңірлік қана емес, әлемдік спорт жүйесінде өз орны бар қалаға айналдырып, спорттық мегаполис ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Тұрғындардың да, спортшылардың да белсенділігі артқан сайын, қала спорт саласын стратегиялық даму бағыттарының бірі ретінде қарастырып, жаңа жобаларды жүйелі түрде іске асыруда.
Алматыда ұйымдастырылатын халықаралық жарыстардың ауқымы да, олардың танымалдығы да жыл сайын артып келеді. Мәселен, әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған қатысушыны жинайтын Almaty Marathon бүгінде өңірдегі ең ауқымды жүгіру фестивальдерінің бірі саналады. Теннис жанкүйерлері үшін қала ATP-250 Almaty Open турнирін өткізу арқылы әлемдік кәсіби теннис күнтізбесінің маңызды бөлігіне айналды, ал бұл жарыстың рейтингілік мәртебесі халықаралық спортшылардың қызығушылығын айтарлықтай арттырады. Бұдан бөлек, үстел теннисінен әлемнің үздік шеберлері қатысатын WTT Contender жарысы Алматының ұйымдастырушылық мүмкіндігін тағы бір рет көрсетті.
Ұлттық дәстүрді жаңғыртатын Ұлы дала ойындары, дзюдодан жоғары деңгейде өтетін Азия кубогы, сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан әлемдік жұлдыздарды жинайтын Denis Ten Memorial Challenge турнирі қаланың халықаралық спорттық брендіне үлкен үлес қосып отыр. Мұндай ауқымды іс-шаралар Алматыны ғана емес, Қазақстанды әлемдік спорт картасында айқын көрсетіп, қала беделін бұрынғыдан да биіктете түсуде.Халықаралық қауымдастық тарапынан Алматының спорттық инфрақұрылымына деген сенімнің артуы тағы бір маңызды оқиғамен айқындалды Gorky Tennis Park ресми түрде Roland-Garros клубы мәртебесін алды. Бұл шешім қаладағы теннис мәдениетінің дамуы мен инфрақұрылым сапасының әлемдік стандарттарға сәйкес келетінінің дәлелі. Клубтың осындай мәртебеге ие болуы Алматыға болашақта ірі теннис жобаларын қабылдау мүмкіндігін арттырады және өңірдегі теннис индустриясының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.
Алматыда халықаралық жарыстардың жаңа кезеңі де басталуда. 2025 жылы қала UEFA Futsal Champions League жарысын қабылдайды. Бұл Еуропаның ең беделді футзал турнирлерінің бірі болып саналады. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу Алматының спорт нысандарының бәсекеге қабілеттілігін, ұйымдастыру сапасын және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігін көрсетеді. Сонымен бірге қала үшін бұл спорттық туризмді арттырудың, халықаралық аудиторияны тартудың және Алматы брендінің танымалдығын күшейтудің маңызды мүмкіндігі.
Алматының халықаралық спорттық беделі тек инфрақұрылым мен жарыстар арқылы емес, оның спортшыларының жоғары нәтижелері арқылы да расталады. Қала спортшылары түрлі спорт түрлерінде әлемдік деңгейде көзге түсіп келеді. Мәселен, шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерных жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанып, Қазақстан үшін тарихи жеңіс сыйлады. Тау шаңғысынан Ростислав Хохлов Азия чемпионатында екі мәрте алтын медаль жеңіп алды. Коньки спорты бойынша Глеб Терентьев, Сара Ким, Варвара Новикова және Тоқтар Маруа да еліміздің құрама командасына тұрақты түрде жоғары нәтижелер әкеліп жүрген спортшылардың қатарында. Сондай-ақ еркін күрестен Айтмұхан Ризабек әлем чемпионы атағын жеңіп алып, отандық спорттың жаңа белесін айқындады. Спорттық гимнастикадан Карими Милад 26 жылдан кейін Қазақстанға әлем чемпионатының қола медалін алып келсе, оқ атудан Ислам Сәтбаев, Арина Алтухова және Константин Малиновский Олимпиада лицензияларын қанжығасына байлап, қала намысын биік деңгейде қорғауда.
Қысқы спорт саласы да Алматының халықаралық спорт орталығы ретіндегі мәртебесін күшейтіп отыр. Қалада қысқы спорт түрлерімен тұрақты түрде 13 880 адам шұғылданады, ал №3 кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі 1022 спортшы шаңғымен секіру, конькимен жүгіру, шорт-трек және фристайл секілді спорт түрлерінде кәсіби деңгейде жаттығады. Медеу мен Шымбұлақ сияқты нысандар осы бағыттағы әлеуетті одан әрі арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Алматының халықаралық спорттық мәртебесі жыл өткен сайын нығайып, қала әлемдік спорт қауымдастығының назарын өзіне көбірек аудара түсуде. Ірі турнирлерді қабылдау мүмкіндігі, инфрақұрылым сапасының халықаралық деңгейге сәйкестігі, отандық спортшылардың табысты нәтижелері және спортқа арналған қолайлы орта мегаполистің жаһандық спорт орталығы ретіндегі рөлін бекітіп келеді. Алматы бүгінде халықаралық жарыстардың алаңы, чемпиондар қаласы және әлемдік деңгейдегі спорт бренді.