Израильдің Газа секторына жасаған жерүсті шабуылы кезінде XIII ғасырда тұрғызылған Әл-Айбаки мешіті қирады. Бұл ақпаратты Al Jazeera және Tasnim News агенттіктері таратты. Әлеуметтік желілерде ғимаратқа тура тиген зымыран сәті түсірілген бейнежазба жарияланды, деп жазады Alash.kz.
16 қыркүйекке қараған түні Израиль армиясы (ЦАХАЛ) Газа қаласына басып кіру операциясын бастады. Алдымен шаһар артиллериялық соққыға алынып, артынша 162 және 98-дивизияның бөлімдері қала ішіне кірді. Израиль билігі халықаралық қауымдастықтың қарсылығына қарамастан, қойылған әскери мақсаттар толық орындалғанша операцияны жалғастыратынын мәлімдеп отыр.
БҰҰ-ның арнайы тергеу комиссиясы бұған дейін Израильдің Газа аймағында геноцид әрекеттеріне барғанын атап өткен. Сондай-ақ комиссия Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бастаған бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды бұл қылмыстарға арандатушы деп таныған.