Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ішкіш, ақымақ, надан-ауылбайлар…»: Желтоқсаншыларға тіл тигізген алматылық әйелге іздеу салынды

12:28, 12 қараша 2026

Алматы қаласында Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ар-намысына тиетін сөздер жазған 52 жастағы Виолетта Паршинаға ресми түрде іздеу жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.

Тергеу органдарының дерегінше, ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікке ілінген әйел қазіргі уақытта құқық қорғау қызметкерлерінен бой тасалап жүр. Іздеу шаралары 10 қараша күні тіркеліп, бүгінде іздестіру жұмыстарын Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

Бұл дау биылғы сәуір айында Threads әлеуметтік желісінде басталған болатын. Сол кезде Паршинаның Желтоқсан оқиғасына арналған жазбалардың астына қалдырған қорлайтын пікірлері желіде кеңінен тарап кетті. Ол көтеріліске қатысушыларды «маскүнем», «ақымақ» және «ауылдың мәңгүрттері» деп балағаттаған. Сонымен қатар желі қолданушылары оның қазақ халқына қатысты өзге де намысқа тиетін жазбалар қалдырғанын анықтады.

Аталған жағдай қоғамда үлкен резонанс пен наразылық тудырып, қазақстандықтар әйелді заң аясында жауапқа тартуды талап етіп полицияға жаппай шағымданған. Көп ұзамай тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, бөлімшеге жеткізген еді. Ал осы оқиғадан кейін Паршина еңбек еткен жарнама агенттігі оның көзқарастарымен келіспейтінін ресми түрде мәлімдеп, онымен еңбек шартын бұзған болатын.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі — әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Заңнамаға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар