Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде шыққан өрт салдарынан 67 жастағы пәтер иесі қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға түнгі уақытта Теріскей шағын ауданында болған. Көршілері үшінші қабаттан шыққан түтін иісін сезіп, есікті қаққанымен, іштен ешкім жауап бермеген. Қызыл жалын лап қойған жерге жедел жеткен өрт сөндірушілер ғимараттан сегіз тұрғынды эвакуациялады.
Төтенше жағдай қызметкерлері пәтер есігін бұзып ашып, өртті сөндіру барысында үй иесінің жартылай күйіп кеткен мәйітін тапты.
Куәгерлердің айтуынша, марқұм үнемі ішімдік ұрттап жүреді екен. Осы жайтқа қатысты көршісі Ұлжан Қартанова оқиғаның мән-жайын айтып берді:
«Жалғызбасты ер адам, бір өзі тұратын. Бала-шағасын білмеймін, бар ма, жоқ па... Тұрғанына төрт жылдай болып қалды. Үнемі арақ ішетін. Темекі шегіп жатып ұйықтап қалып, аяғы өртеніп қайтыс болған», — деді ол.
Қазіргі таңда марқұмның денесі мәйітханаға жіберілді. Оттың нақты неден шыққанын анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалып, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.