Белгілі продюсер әрі актриса Мөлдір Мұқан берген сұхбаттарының бірінде ер азаматтың сатқындығы, отбасылық жауапкершілік пен сенім тақырыбын қозғап, өз ойын ашық жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Әңгіме барысында кинотуындыдағы кейіпкерлердің әрекеттері мен фильмде көрсетілген күрделі оқиғалар сөз болды. Осы орайда өнер иесі отбасы институтының маңыздылығына тоқталып, әрбір адамның қабылдаған шешімі тек жеке өзіне ғана емес, бүкіл жақындарының тағдырына тікелей әсер ететінін баса айтты. Бұл ретте ол отбасындағы адалдық пен жауапкершілікті жоғары қою керектігін жеткізді:
«Ер азаматтың бір қателігі қаншама тағдырды құртып жіберді. Отбасы деген – өте құнды дүние. Оны бағалау керек. Сатқындық жасауға болмайды», — деді Мөлдір Мұқан.
Продюсер өміріміздегі ең басты құндылықтардың бірі отбасы екенін атап өтіп, ерлі-зайыптылар арасындағы сенімді сақтау әрқашан басты орында тұруы қажет екенін айтты. Туындыдағы сюжет төңірегінде өрбіген бұл сұхбат көпшіліктің есіне өнер иесінің жеке басында орын алған өткен оқиғаларды да еріксіз түсірді.