Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыған 1-курс студентінің қазасына қатысты Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Құрылтайда өткен брифинг барысында министр жоғары оқу орнының басшылығы қайғылы жағдай орын алған бойда марқұмның жақындарымен байланысқа шығып, жерлеуге қатысты барлық шығындарды өз мойнына алғанын атап өтті:
«Студенттің қамқоршыларымен бірден хабарластық. Университет барлық шығындарды өз мойнына алды», — деп хабарлады Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар министр оқу орны тарапынан төленген барлық қаражат пен төлемдердің отбасына толық қайтарылғанын жеткізді. Мемлекет пен университет тарапынан берілетін көмектер бойынша марқұмның әкесімен және қамқоршыларымен тікелей байланыс орнатылған:
«Барлық қаражатты, төлемдерді де қайтардық. Кез келген көмек бойынша әкесімен де, қамқоршыларымен де тікелей байланыста отырмыз», — деп түйіндеді сөзін министр.
Десе де Саясат Нұрбек тергеу амалдарының құпиялығына байланысты қайғылы жағдайдың өзге де егжей-тегжейлі мән-жайын ашудан бас тартты. Еске сала кетейік, 6 қараша күн Студенттер қалашығында болған оқиға бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.