Талдықорған қаласында 6 қараша күні сағат 10:00 шамасында үйінен серуендеуге шығып кеткен 64 жастағы ер адам осы уақытқа дейін оралмаған, деп хабарлайды Alash.kz.
Дабыл келіп түскен бойда Жетісу облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл түрде іздестіру жұмыстарына кірісті. Қазiргi таңда сарапшылар іздеу аумағын кеңейту мақсатында арнайы қосымша топтар құрып, шараларды барынша күшейтті.
Ауқымды операцияға полиция қызметкерлері, ҚР Ұлттық ұланының әскерилері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен еріктілерді қосқанда барлығы 200-ден астам адам жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеп, куәгерлерден, қоғамдық көлік пен такси жүргізушілерінен, сондай-ақ сауда нысандарының қызметкерлерінен сұрастыру жүргізуде.
Мамандар жоғалған азамат болуы мүмкін орындарға ерекше назар аудара отырып, қаладағы саябақтарды, Қаратал өзенінің жағалауын, тұрғын үй алаптарын, шағын аудандар мен қалаға іргелес жатқан барлық аумақтарды мұқият тексеріп жатыр.