Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында қайтыс болған 1-курс студенті Жанельдің анасы әлеуметтік желіде марқұм қызына арнап жүрекжарды жазба қалдырды, деп хабарлайды Alash.kz.
TikTok желісінде Балжан Нұрғалиқызы есімді қолданушы марқұмның суреттері мен бейнежазбаларын бөлісіп, отбасының орны толмас қайғысын жеткізді:
«Қабырғамызды қайыстырып кеттің ғой, жаным-ау. Көрер жарығың әлі алда еді ғой. Армандарың көп еді. Балапаным-ау, неге олай жасадың? Әлі де сене алар емеспін, түсім секілді. Қимаймын, сенгім келмейді. Өмірге деген құлшынысың өте керемет еді ғой. Сенің тойыңда қуанып жүрсек болмас па еді...», — деп алғашқы лебізін білдірді марқұмның анасы.
Сонымен бірге қара жамылған ана қызының үлкен шаһарға білім алуға қандай мақсатпен аттанғанын және журналистика саласына деген ынтасын еске алды:
«Арман-мақсаты өте көп еді. «Қалай да Алматыға оқуға түсемін, Шымкентте оқығым келмейді. Алматыға барамын, сол жақта оқысам бәрі керемет болады, журналист мамандығын алып шығамын. Анашым, сені телевизорға шығарамын, көресіз, мен әлі керемет журналист боламын» деп құлшынып тұрған қызымыз бір сәтте өзіне қол жұмсайтындай не болып қалды екен?!», — деп күйзелісін білдірді ол.
Сөз соңында Балжан Нұрғалиқызы қыршыннан қиылған өрімдей жас қызының ажал құшқанына әлі де сенгісі келмейтінін айтып, іштегі өкінішін жеткізді:
«Жап-жас едің ғой, өмірің әлі алда еді, алар асуларың көп еді. Сұм ажал неге сені алып кетті, қимаймын, сенгім келмейді», — деп түйіндеді сөзін марқұмның жақыны.