Алматыда алтыншы сыныпты аяқтаған 12 жастағы Абылайханды 16 жерінен пышақтап өлтірген 13 жастағы жасөспірім қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, бір жылға арнайы интернатқа жіберілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген сұмдық оқиға осыдан бес ай бұрын орын алған. Екі оқушының арасындағы қанды қылмысқа қыз бала себеп болған. Ал заң бойынша, аса ауыр қылмыс жасаса да, 14 жасқа толмаған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтындықтан, полиция департаменті қаскөйге бұдан артық жаза қолданылмайтынын мәлімдеді. Сотқа жетпей тоқтатылған іс аясында марқұмды өлтірген жасөспірім төрт ай психикалық ауруханада емделіп, кейін Семей қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа орналастырылған. Ал оның ата-анасына бар болғаны 86 мың теңге айыппұл салынды.
Сұмдық шешіммен келіспеген марқұмның әжесі Сағадат Өсенова немересінің қазасына қатысты өкінішін ашық білдірді:
«Менің итімді өлтіргендей болып келіп-кетті. Сонда қалай?! Сонда барлығы, 13 жастағы балалардың барлығы 14-ке толмадық деп, өлтіре береді ме?! Сол бес айдың ішінде мен біліп отырған төрт өлім бар. 13 жастағы бала өлтіріп кетіп жатқан. Біз білмегеніміз қанша?!», — деп жанайқайын жеткізді ол.
Осы оқиғаға байланысты жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаушы адвокат Арман Шәріпов қолданыстағы заңнамадағы жас шектеуін қайта қарау қажеттігін алға тартты:
«Жауапкершілікті 12 жастан бастап енгізу керек. Неге десеңіз, қазір балалар жасанды интелект дейміз, интернет дейміз, он екі жастағы бала ересек адамдардан да ақылды. Олардың өрісі бізден де дамыған. Олар қаншалықты мынау қоғамға қауіпті екенін, қауіпті еместігін бізден жақсы біледі. Он екі жастағы балалар қылмыс жасаған болса, тиісті түрде жауапқа тартылуы керек», — деді заңгер.
Қазіргі уақытта қара жамылған отбасы кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігін реттейтін заңға шұғыл өзгерістер енгізу туралы талап-арыз жолдауға дайындалып жатыр.