Астана қаласындағы Әнет баба көшесінде орналасқан 13 қабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан 13 жастағы екі қос құрбы секіріп, мерт болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жыл басынан бері елімізде 400-ден аса суицид фактісі тіркелгені белгілі болды.
Қайғылы жағдай орын алған аумақта кеш барысында қалыпты тіршілік тыныстап, жұртшылық есеңгіреген күйде қалды. Көршілердің айтуынша, марқұм қыздардың бірі бұл үйде жуырда ғана Қосшыдан әжесімен көшіп келген, тоғызыншы қабатта тұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның анасы Америкада жүр, ал әкесі жоқ.
Құқық қорғау органдары оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу мүддесіне байланысты бейнебақылау камераларындағы кадрлар жарияланбағанымен, Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Ләйлә Кенжебаева оқиғаның мән-жайын бөлісті. Оның айтуынша, лифт камерасынан қыздардың подъезге кірген сәті толық көрінген.
«Видеодан өз көзіммен көрдім, ұнжырғасы түсіп, қатты жылап кірді. Қыз бала екеуі де быт-шыт болып кірді. Бізде қойылған камера бар. Лифтінің камерасы. Содан көрдік, қыз қатты жылап кірді. Кіргеннен кейін, 13-ші қабаттың лифтісіне бірден басты. Сосын шығады да, үйі мына жақта, қолында қағаз болды», — деп баяндады Ләйлә Кенжебаева.
Бейнебақылау жазбаларына сәйкес, қыздар секіруге бірден бел бумаған. Біреуінің көңіл-күйі түсіп, қатты жылағаны байқалса, екіншісі оны мейлінше жұбатып, демеуге тырысқан. Содан кейін олар 13-ші қабатқа көтеріліп, бір жарым сағаттай ұзақ сырласып отырған. Артынша екі қабат төмен түсіп, сағат 18:40 шамасында қол ұстасқан күйі бір мезетте төменге секіріп кеткен.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, жасөспірімдердің өмірден өз еркімен баз кешуіне көбіне мектептегі буллинг, ата-анаға деген өкпе-реніш пен гаджеттерге тәуелділік себеп болады.