Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бір-бірімізге ұқсаймыз» 32 жыл бұрын ауылдастарынан зорлық көрген Наташа Қалымбетова туған балаларын таныстырды (ВИДЕО)

12:49, 11 қараша 2026

Осыдан 32 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында ауылдастарының зорлауына ұшыраған Наташа Қалымбетова қызымен демалыстан соң қайта қоштасты, деп хабарлайды Alash.kz.

АҚШ-та өскен қызын тауып, ДНҚ арқылы туыстығы дәлелденген соң, ол бойжеткенді Тайландта тұратын ұлымен қауыштыру үшін Оңтүстік Корея арқылы 20 сағат жол жүрген болатын. Арада 10 жыл жас айырмашылығы бар ет бауырлар бірден тіл табысып, демалыста бір ғимараттан бөлмелер жалдап, Тайландты бірге аралаған еді. Тіпті қызы анасына хабарлама жазып, бауырын жақсы тәрбиелеп өсіргені үшін алғыс білдірді.

Балаларының бір-біріне тез бауыр басып кеткенін көрген Наташа Қалымбетова алғашқы әсерімен бөлісті:

«Екеуі бір-бірімен әңгімелесіп, бір-бірінен жақын жан тапқандай болды. Ең бастысы, үшеуіміз де бір-бірімізге ұқсаймыз», — деді ол.

Алайда демалыс аяқталып, АҚШ-та тұратын қызын кері ұшырып салғаннан кейін, ана жүрегі қайтадан мұңға батқанын және бұл қадамға жету өзіне оңай соқпағанын жеткізді:

«Қызымды шығарып салып, ұлым екеуміз мұңайып қалдық. Сондай ауыр жолды еңсеріп, соңында балаларымды бір-бірімен таныстыру маған оңайға соқпады. Екеуінің бір-біріне қалай бауыр басып кеткенін, көздеріндегі бақыт пен қуанышты көрдім, бұл маған үлкен еңбекпен келді. Міне, бүгін қызыммен қайтадан қоштасатын күн туды. Бірақ жақын арада, ұзаққа болмаса да, қайта жүздесетінімізді білемін», — деп ағынан жарылды анасы.

Сөз соңында Наташа Қалымбетова қанша жылғы айралықтан соң табылған перзенттерінің амандығын тілеп, өзінің ішкі толқынысын жеткізді:

«Балаларымның бақытты болғанын және қасымда жүргенін, олардың аман-есен екенін өз көзіммен көріп, бақылап отырғанды сондай қатты қалаймын. Мұны менің қанымда бар қазақы болмысым талап етеді. Жаратқан, балаларымды барлық жамандықтан сақтай көр», — деп түйіндеді сөзін Наташа Қалымбетова.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар