Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісімге байланысты қылмыстық іс бойынша сот үкімін жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Аталған іс бойынша барлығы бес адам кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бұрынғы вице-министр, кейін Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарған Ақмади Сарбасов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, сот оны қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша ақтады. Айта кетейік, Сарбасов бес жылға жуық уақыт Еңбек вице-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарып, 2025 жылдың сәуірінде орталық тізгінін ұстаған болатын, алайда сол жылдың жазында ұсталған еді.
Тергеу мәліметінше, Бірінші кредиттік бюро басшылығы қазақстандықтардың жеке деректерін алу үшін аталған орталық басшылығына жүйелі түрде пара беріп отырған. Мәселен, былтыр 28 маусымда Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел шаралар барысында кезекті 75 мың доллар (шамамен 35 миллион теңге) пара беру кезінде БКБ бас директоры Руслан Омаровты, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сол кездегі басшысы Ақмади Сарбасов пен бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықовты ұстаған еді. Кейін тінту кезінде күдіктілердің үйінен 370 мың доллар (191 миллион теңге) және 4,5 миллион теңге тәркіленген болатын.
Бүгінгі сот үкімімен Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы Руслан Омаров сыбайлас жемқорлық және зиянды бағдарламаларды пайдалану деректері бойынша 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оларға мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Сонымен қатар орталықтың қызметкерлері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов Қылмыстық кодекстің 210-бабы 2-бөлігінің 1, 2 және 3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, бастапқыда 3 жылға сотталды. Алайда рақымшылық туралы заңның қолданылуына байланысты олардың жазасы 2 жылға қысқартылып, бір жыл бойы ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге шектеу қойылды және екеуі сот залында қамауға алынды.
Барлық бес сотталушы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ сот 75 мың доллар көлеміндегі (39 миллион теңге) қаражатты мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.
Ал 2 миллиард теңгеден асатын болжамды залал мәселесіне келсек, сот бұл соманы қылмыстық іс аясында өндіріп алудан бас тартты. Судья бұл қаржы тікелей келтірілген зиян емес, мемлекеттік орталықтың жіберіп алған пайдасы (ала алмаған табысы) екенін түсіндірді. Қылмыстық-процестік кодекстің 166-бабына сәйкес бұл тәртіппен тек тікелей залал өндірілетіндіктен, жәбірленуші тарап бұл соманы өндіріп алу үшін азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жеке жүгінуге құқылы.