Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Пештің ішінде...»: Петропавлда жоғалған 13 жасар оқушы туралы ел күтпеген ақпарат шықты

14:58, 11 қараша 2026

Петропавл қаласында жоғалып кеткен 13 жастағы оқушы аман-есен табылып, отбасына аман-есен қайтарылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайғылы жағдайдың алдын алған оқиға 10 қарашада орын алды. Шамамен сағат 17:30-да Петропавл қалалық полициясының «102» арнасына Жұмысшы кентінің тұрғыны хабарласып, таңертең үйден шығып кетеп, қайта оралмаған 13 жастағы ұлын іздеуге көмек сұраған. Балада өзімен бірге ұялы телефоны болмаған.

Дабыл түскен бойда жасөспірімді іздеуге полицияның кешенді күштері, жедел әрекет ету арнайы отрядының жауынгерлері мен барлық тиісті қызметтер жұмылдырылды. Жұмысшы кенті мен оған шектес аумақтарды әуеден тексеру мақсатында үш бірдей дрон көтерілді.

Сонымен қатар Орталық жедел басқару пунктінің инспекторлары мен Петропавл қалалық ПБ Екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі Төребек Калелов бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият қадағалады. Нәтижесінде Төребек Калелов бейнекамера арқылы баланың қозғалыс бағытын анықтап, оның Жұмысшы кентінің шетіндегі Зайцев көшесіне дейін барғанын бақылап отырды.

Іздестіру шараларының арқасында сағат 18:30 шамасында жасөспірім бір үйдің ауласы маңында орнатылған декоративті пештің ішінен аман-есен табылды. Жасөспірімнің айтуынша, ол далада тоңған соң пештің ішіне кіріп жылынып, байқаусызда ұйықтап қалған. Құқық қорғау органдары оқушыны бірден үйіне жеткізді, ал ата-анасы полиция қызметкерлеріне жедел әрі нәтижелі жұмысы үшін шексіз алғысын білдірді.

Анықталғандай, бұған дейін бала үйден өз еркімен кетіп көрмеген. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандар оқушының бұл әрекетіне не себеп болғанын анықтап жатыр. Полиция қызметкерлері ата-анамен және баламен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар