Қоғамдағы әсіре діншілдік пен жамағаттарға бөліну үрдісіне байланысты белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның пайымдауынша, соңғы уақытта кейбір жастар өздерін өзгелерге ұстаз санап, кімді тыңдап, кімнен аулақ болу керектігін айтуды әдетке айналдырған. Имам мұндай теріс әрекеттер елді біріктірудің орнына араға іріткі салатынын ашына айтты.
Нұрлан Байжігітұлы: «Соңғы кездері жастардың осындай әсіре діншілдікке беріліп, ұстаз болып, бас-басына би болып, «ананы тыңдама, мынаны тыңдама» деп жүр. Олар бір шаңырақтың астына жиналудың орнына іріткі салып, осындай жағдайға жетті», — деп атап өтті.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде түрлі діни топтарға бөлініп, бір-біріне тынымсыз насихат жөнелтудің еш пайдасы жоқ екенін тілге тиек етті.
Осы орайда дін өкілі: «Біз намазханбыз ғой, оразашылмыз ғой, қажылармыз ғой» деген топтарды қою керек. Әлеуметтік желіден топтар ашып, «ана жамағат, мына жамағат» деп күні-түні түрлі сөздер жібере берудің қажеті жоқ», — деді.
Дінтанушы адамдардың бір-бірін ізгілікке шақыруы құпталарлық іс екенін, алайда дінді жамылып, өзгелерді о дүниеде қайда баратынын бағалаудан аулақ болу керектігін ескертті.
Нұрлан Байжігітұлы: «Жамағат-жамағат болып бөлініп, жәннат пен тозақтың «локациясын» қолына алып алғандар кілтін Аллаға өткізген дұрыс», — деп ескерту жасады.
Сөз соңында ол қазақ халқы үшін басты құндылық – елдің ынтымағы мен тұтастығы екеніне тоқталды.
Имам: «Біз қазақ жамағатқа бөлінген халық емеспіз, жалпы бөлінуді ұмытқан елміз. Бірлікті ту еткен елміз. Намаз оқыса да, оқымаса да, мешітке барса да, бармаса да, біздің ел бір қауым ұлт болуымыз керек», — деп өз сөзін түйіндеді.