Әлеуметтік желілерде ұлттық нақыштағы той дәстүрлеріне қатысты жаңа үрдіс қызу талқыланып жатыр. Соңғы уақытта қазақстандық қыздардың ұзату рәсімінде аңызға айналған «Қыз Жібек» образын таңдауы жиілеген, деп хабарлайды Alash.kz.
Желіде тараған мәліметке сәйкес, Гүлнәз есімді бойжеткен ұзату тойында дәл осы образда көпшілік алдына шыққан. Қалыңдықтың киімі мен стилі қазақтың классикалық көркем туындысындағы Жібек бейнесін еске салады.
Бұл құбылыс «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолға қатысты қоғамдағы пікірталаспен тұспа-тұс келіп отыр. Еске салайық, бұған дейін фильмдегі тарихи киімнің жеке тұлғаның иелігіне өтуі қоғамда түрлі көзқарас тудырған болатын.
Соған қарамастан, ұлттық мәдениетке қызығушылықтың артуы мен тарихи образдардың заманауи той рәсімдерінде жаңғыруы көпшіліктің назарын аударып отыр. Сарапшылар мұны жастардың дәстүр мен мәдени мұраға бет бұруының бір көрінісі ретінде бағалайды.