Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Халықтық құрылыс» келешек ұрпаққа салмақты мұра болады – Тоқаев (ВИДЕО)

17:12, 04 қараша 2026

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында елімізде әлеуметтік нысандарды жаппай салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Ақорданың ресми баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесу барысында айтты.

Президенттің сөзінше, Қазақстан технология саласындағы көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында білім, ғылым және цифрлық құзыреттерді дамытуға белсенді түрде инвестиция салып жатыр.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысы аталған бастама келешек ұрпаққа маңызды әрі шын мәнінде салмақты мұра қалдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бағдарлама аясында елімізде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаппай салу көзделген. Атап айтқанда, жаңа мектептер, университеттер мен медициналық мекемелер бой көтермек.

Сонымен қатар Президент Network School жобасының Қазақстандағы технологиялық экожүйенің қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Network School Kazakhstan жобасының іске қосылуын құптап, оның отандық жоғары оқу орындарымен, стартаптармен және технологиялық кәсіпорындармен серіктестікті кеңейтуге деген қызығушылығын қолдады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға алғыс білдірді.

Өз кезегінде Network School негізін қалаушы Қазақстанда озық технологиялық шешімдер мен экономиканың дәстүрлі салалары табысты үйлесіп отырғанын атап өтті.

Баладжи Шринивасан сондай-ақ Network School Kazakhstan жобасын дамытудың басым бағыттарын таныстырды. Жоба цифрлық шешімдерді ілгерілетуге, адам капиталын дамытуға және инновациялық әзірлемелерді енгізуге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар