АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық технологиялық компаниялардың цифрлық қызметтеріне салық салатын мемлекеттердің барлық өнімдеріне 100 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін білдіріп, қоқан-лоқы жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Мұндай қатаң мәлімдеме, ең алдымен, цифрлық салық мәселесін белсенді көтеріп отырған Еуропа елдеріне бағытталып отыр. Саясаткердің пікірінше, бұл жаңа тарифтік шектеулер Америка Құрама Штаттары бұған дейін жасасқан кез келген халықаралық сауда келісімдерінен жоғары тұрады. Бұл текетірестің негізі 2019 жылы басталған болатын, сол кезде Франция билігі ел ішіндегі табысы 25 миллион еуродан, ал әлемдік айналымы 750 миллион еуродан асатын ірі компаниялардың цифрлық кірісіне 3 пайыздық салық міндеттеген еді. Жақында ғана Франция басшысы Эммануэль Макрон Вашингтон тарапынан жасалып жатқан экономикалық қысымдарға қарамастан, Париждің бұл салықтық ұстанымынан бас тартпайтынын нақтылады.