Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Еуропада естілген үн

23:20, 26 наурыз 2024 379

Алаш қайраткерлерінің арасында Еуропаға эмиграцияға кеткен жалғыз тұлға Мұстафа Шоқай өмірі күрделі бұралаң жолымен, қызық та қым-қуыт қырларымен ерекшеленеді.

Алаш көсемінің адал ізбасары бола білген жас Мұстафа алашшылдығымен, ұлтшылдығымен және түрікшілдігімен айрықша көзге түседі. Ол исі қазақ ғана емес, мұқым түрік-мұсылман жұртына сөйлер жерде шешен, іскер жерде көсем болып танылды. Оның асыл ойларында үш Түркістанның мақсаты мен мүддесі, тарихы мен тағдыры, келешегі мен кемелдігі тұнып тұр.

Түркістан – Мұстафа Шоқай ойларының бойтұмары. Егер де арыстың сөздерінің ішінен «түрік», «Түркістан» ұғымдарын алып тастар болсақ, онда ол сөздерінің ешқандай салмағы, құны қалмайды.

Мұстафа Шоқайдың мызғымас ойлары мен серпімді сөздерімен танысқанда жаңа әлем ашылады: ойыңа ой, санаңа сергектік, пікіріңе пікір қосады. Таным көкжиегін арттыратын, қазақ даласынан тысқары әлем биігінен қарап сөйлеген үнінде сағыныш пен аңсар, арман мен мұрат, өнеге мен үлгі, ақыл мен абырой, бірлік пен тірлік сияқты үлкен-үлкен құндылықтар бар.

«Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап Еуропаның әр тарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар! Бәріміздің құбыламыз өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір киелі міндет болмақ.

«Кімнен таяқ жегендей,
біздің түріктің баласы,
Алдырып жүрген дұшпанға
аузының аласы».
Бұл нақыл сөз – Мұстафадан бұрын Нысанбай жырауға тиесілі. Мұны ұмытпасқа керек.

«Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтін жауымыз болмайды. Мақсатымызға жетеміз, онсыз біздің күніміз жоқ. Құрып кетеміз. Босып кетеміз. Құрымас үшін, боспас үшін, күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздің күніміз қараң. Мұны ұмытпау керек», – дейді арыстан туған Мұстафа.

Мұстафаның асыл ойлары – бірін-бірі толықтырып тұратын, бірінен-бірі ажырағысыз Алаш Республикасы пен Түркістан мұхтариаты кезеңінің түйінді тұжырымдары ғана емес, қазақ ұлтының мыңжылдықтар бойғы саяси-азаматтық және рухани-ағартушылық күрестегі атойшыл рухы, ұлт жолында құрбан болуға даяр ұлттық сана-сезімнің қайнары.

Адамзат ақыл-ойының, дана парасатының мәйегіне айналған ұлы сөздер мыңжылдықтар бойы өлмес-өшпес жазуларға айналып, мұқым қоғамды тәрбиелеуде қызмет етіп келеді. Еуразия кеңістігіндегі алып тас кітаптағы сөздер де біздің жүрегімізді тулатады. Бұл – біздің өз асыл сөздеріміз, жай отындай жасын ойларымыз! Олар біздің мерейімізді өсіреді! Жігерімізді жаниды! Намысымызды қайрайды! Рухымызды асқақтатады!

Сол кездегі Түрік жұртынан ортадағы Алаш еліне шейінгі, одан бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тізілген сөздер атойына, рухына еріксіз бас иеміз. Мұстафа Шоқай сөздері де ұлт рухын оятып, намысын қайрап, болашақ үшін қызмет ете беретіні сөзсіз. 

Алаштанушы ғалым Заңғар Кәрімхан

Facebook парақшасынан

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар