Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Есік толық жабылмаған". Қарағандылық жолаушы оқыста жүріп бара жатқан автобустан құлап кетіп, жарақат алды

12:30, 24 қаңтар 2026

Қарағандыда №43 бағыттағы автобустан жолаушы құлап, аяғы мен қолынан жарақат алды, деп хабарлайды Alash.kz

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ер адамның автобустың есік маңында тұрғаны және рюкзак арқасында есіктің толық жабылмағаны көрінеді. Автобус қозғалысын жалғастырып, жолаушы жолға құлап түскен. Құлағаннан кейін көліктің тоқтағаны, зардап шеккен адамның айқайлағаны және бірнеше жолаушының жүгіріп шығып көмектескені бейнежазбада көрінеді.

Қарағанды қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқиға расымен де №43 автобуста болған. Жолаушыға медициналық көмек көрсетіліп, қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты.

"Алдын ала деректерге сәйкес, жолаушының арқасында рюкзак болған, ол есіктің толық жабылуына кедергі келтірген. Жүргізуші есіктердің толық жабылғанына көз жеткізбей, қозғалысты бастаған. Автобустағы бейнебақылау камерасының жазбасы алынған, оқиғаның мән-жайы анықталуда", – деп хабарлады қала әкімдігінде.

№3 автопарк өкілдері де оқиғаның мән-жайын түсіндірді:

"Бейнебақылау жазбасынан жолаушының салонға иығында рюкзакпен кіргені анықталды. Ол есікке тым жақын тұрған, ал рюкзак есіктің толық жабылуына кедергі келтірген. Сондай-ақ жолаушы тұтқадан ұстамаған. Автобус қозғалысқа шыққанда жолаушы құлап кеткен".

Тасымалдаушы компания жолаушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды:

"Автобусқа мінгенде салон ішіне өтіп, есік маңында кідірмеу қажет. Иықтағы рюкзактар мен көлемді сөмкелерді шешкен жөн. Қоғамдық көлік қозғалысы кезінде өз қауіпсіздігі үшін тұтқаларды ұстау міндетті".

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар