Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ешкімнен сескенбейтін ер жүрек Әлихан оқта-текте Бутыркаға барып, тұтқындарға ауқат жеткізіп тұрған

22:34, 11 мамыр 2024 493

Түрмеден құтылғанымен де Алаш идеясы жолындағы күресті Әлихан Бөкейханов одан әрі жалғастырды. Ол өзінің барлық қабілет-қажырын, азаматтық беделін, қаражатын тергеуде жатқан достарына көмек көрсетуге жұмсады. Ату жазасына бұйырылған азаматтарға араға жүрiп, бұл үкiмдi түрме кесiмiмен ауыстырды. Ал оларды мүлдем ақтап алуы мүмкiн емес-тiн. Қара басының амандығын қорғаштамай, қарсы шығып, қайсарлықпен күресуiнiң өзi де үлкен азаматтық, көсемдiк қасиет едi. Мысалы, түрмеде жатқан Мұхтар Әуезов пен Әлiмхан Ермековке «ниетiмнен қайттым» деп ашық хат жазуға ұсыныс берген де Әлихан мен Ахмет дегдарлар едi. Соның нәтижесiнде, қазақтың екi ғұламасы тiршiлiктiң дәмiн тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет еттi.

Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова ол туралы: «(түрмедегілер)... 1922 жылдан бері Мәскеуде «жіпсіз байланып», еш жаққа шығуға рұқсаты болмаған, сондықтан адресі белгілі Әлихан арқылы кімнің қайда жүргенін біліп, өзара байланыс жасап, хат алыса бастайды. Ешкімнен сескенбейтін ер жүрек Әлихан оқта-текте Бутыркаға барып, тұтқындарға ауқат жеткізіп тұрған. Ахмет, Мағжандардың қызыл крес меңгерушісі Е. П. Пешковаға жиі жазған арыздарын қадағалап, нәтижесі тезірек болуы үшін Пешковаға жиі барып, көмек көрсетуін өтінеді. Көп ұзамай арыздары бойынша екі арысымызға жеңілдік жасап, берген үкім мерзімін қысқартып, елге қайтарған. Елге жету үшін жол қаржысын Пешковадан алып берген де сол Әлихан атам», - деп жазды.

Архангельскіге жер аударылған М. Дулатовқа жазған хатында А. Байтұрсынов:

«Базар қымбат: нанның килосы 5-6 сом, буханкасы 25-30 сом. Сүттің литрі 4-5 сом, майдың килосы 45-50 сом. Оған қалай ақша шыдасын. Алып келген аз ақшам әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қырбаласы (Ә.Бөкейханов - Т.Ж.) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қырбаласы орынында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын-морын тауып жайғасып жазармын деп едім. Ол болмаған соң, көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар», - деп Ә.Бөкейхановтың көмегін мұқтаждықпен еске алады.

Келесі хатында да:

«Бір жағынан - ауру, екінші жағынан - суық, үшінші жағынан - аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. Қырбаласы (Ә.Бөкейханов - Т.Ж.) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. Ол не шыдатар? Жұмыста болмаған соң, нан карточкесі столовой нанды карточкесіз нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау. Онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім жоқ. Күн мұнда Аралдағыдай емес. Өте суық. Аштық, арықтық, суық тағы бір жағынан айналдырған соң, ел қалай күнелтпек? Елдің хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен. Қырбаласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы - соқырға көрінген, - саңырауға естілген болса керек. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін, - деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады», - деген жолдардағы «жазушының қатыны» - М.Горькийдің әйелі Пешкова болатын.

Ал оған жолданған хаттың нәтиже беруіне Ә. Бөкейхановтың атсалысқаны Г. Дулатованың дерегінде аталып өтті. А. Байтұрсынов Міржақып пен Мырзағазыға жазған хатында:

«Қ. Б.-нан (Қыр баласынан - Т.Ж.) хат алып тұрмын. Аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін», - дейді.

Мұндағы Ә. Бөкейхановтың «Смағұлдан басқамыз аманбыз деп отырғаны, «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл-қайратын жұмсаған, Қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институттын тәмәмдап «Днепр құрылысының» құрылыс бастығының орынбасары боп жүрген Смағұл Сәдуақасов Кремльге таңертең сау кіріп, түстен кейін тосын ажалға тап болады. Дәрігерлер оған: «Өндірістік улану», - деп дүдәмал диагноз қойған. Смағұлдың осы өлімін А.Байтұрсыновқа астарлап жеткізіп отыр.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар