Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Лазар Элунду Ассомомен кездесті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Кездесуде Маңғыстаудың жерасты мешіттері мен Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалашықтарды ЮНЕСКО-ның халықаралық тізіміне енгізу мәселелері талқыланды.
«ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Лазар Элунду Ассомомен кездесіп, тарихи-мәдени нысандарды ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімдеріне енгізу мәселелерін талқыладық.
Атап айтқанда, биылғы шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Қазақстанның қатысуымен екі номинация қарастырылатын болады.
Біріншісі – «Маңғыстаудың жерасты мешіттері». Ұлттық өтінім аясында Бекет ата, Қараман ата, Шопан ата, Шақпақ ата және Сұлтан епе көрнекті ескерткіштері ұсынылған.
Екіншісі – «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі». Бұл – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері бірлесіп ұсынған трансұлттық номинация. Оның аясында біздің ел тарапынан ЮНЕСКО тізіміне әлемге әйгілі Отырар, Сауран, Түркістан, Сығанақ, Жетіасар, Жанкент қалашықтары ұсынылды.
Қазақстан ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән беретін болады» - деді Ерлан Қарин.
