Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Еріктілердің белсенділігі артып келеді

08:53, 19 шілде 2022 261
Соңғы жылдары елімізде еріктілердің белсенділігі күрт артты. Әсіресе
2020 жылды еріктілер жылы деп жариялауымыз еріктілердің жұмысына серпін берді десек те болады. Сондықтан бүгінгі күні еріктілердің әрекетіне, белсенділігіне қоғам тарапынан дұрыс көзқарас қалыптастырудың маңыздылығын сезініп отырмыз. Өйткені өзгелердің игілігі үшін өзінің уақыты мен күш жігерін аямайтындардың әрекеті қашан да құрметке лайық екені сөзсіз. Осы орайда Алматы облысында еріктілердің саны да, олар жасаған игілікті іс шаралар да артып келе жатқаны қуантады. Дерек көздеріне сенсек, Алматы облысында жалпы еріктілер ұйымдарының саны 97-ке жетіп, ал тіркелген еріктілер саны 8 мыңнан асқан көрінеді. Және бұл сан тұрақты көбею үстінде. Демек ерікті болуға құлшыныс арта түсуде.
Әсіресе елімізде аяқ асты орын алып жататын төтенше жағдайлар кезінде еріктілердің белсенділігінің маңызы зор екенін байқап жүрміз. Түрлі төтенше жағдайларға қоса, әртүрлі жағдайда жоғалып кетіп жатқан баланы да, үйінен қашып кеткен жеткіншекті де елден бұрын тауып, жалғыз басты қарт кісілерге көмекте де ең алдымен жететін еріктілер болып отыр. Кез келген жағдайда халықтың ортасынан табылып, басқалардан бұрын көмек қолын созуы еріктілердің қоғамымызда маңызы зор екенін аңғартады.
Осы орайда атап өтер жайт, әлемнің көптеген елдерінде волонтерлерге ісін дамыту, оларға жағдай жасау мемлекет тарапынан маңызды міндетке айналған. Осы орайда біздің елімізде де бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуы қажет екенін аңғарамыз. Ешқандай ақысыз ақ алтын уақытын өзгелерден аямайтын еріктілерге қоғамның да көзқарасы өзгеріп келеді.
Соның айғағы, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 2020 жылдан бастап осы өңірдегі еріктілердің, яғни осы аумақтағы белсенді жастар мен студенттердің бастамалары мен жобаларын жүзеге асыратын фронт-офис жұмыс атқаруда. Бұл жергілікті атқарушы орындар тарапынан еріктілерге дұрыс көзқарас қалыптасқанын аңғартады. Осындай қолдаудың нәтижесінде өңірде бір ақ жылдың ішінде еріктілер саны айтарлықтай көбейген. Мәселен 2021 жылдың басында еріктілер ұйымдарының саны 36 болған болса, тіркелген еріктілер саны 4012 болған. Ал өңірдегі еріктілерге деген дұрыс көзқарастың арқасында олардың саны күрт артып, өткен жылдың аяғына дейін ерікті ұйымдар саны 97-ге жетіп, еріктілер қатары 8 мыңнан асып кеткен. Ал биылғы жылы бұл көрсеткіш тағы өсе түскені айдан анық. Және осы жылдар ішінде өңірде «Қайырымды істер марафоны», «Біргеміз Таза әлем» секілді еріктелердің бастамасымен түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Облыс көлемінде жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де айтарлықтай артқан. «Қайырымды істер марафоны» аясында мыңнан астам акция өткізіліп, оның аясында жүздеген отбасылар баспаналы болып, тегін азық-түлік себеттері таратылып, тұрғындарға түрлі көмектер де көрсетілген. Карантин кезінде де жалғызбасты қарт тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп беруде де еріктілердің белсенділігінің қоғамға пайдасын ерекше сезіндік.
Алдағы уақытта жергілікті атқарушы билік тарапынан еліміздегі еріктілер бастамалары мен жобаларын жүйелі түрде дамыту үшін облыстың әр аудан, қалаларында жастарға қызмет көрсету орталықтарының санын көбейту жоспары да тұр. Демек қоғамымыз олардың қоғамның маңызды қозғаушы күші екенін сезінуде.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар