Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ербаян Мұхтардың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды

16:27, 25 маусым 2026
 

Қорғаныс министрлігі Ербаян Мұхтардың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ

Мерзімді әскери қызмет кезінде алған жарақатынан кейін үш жылға жуық ауыр жағдайда жатып күні кеше қайтыс болған Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты қорғаныс министрлігі пікір білдірді.

Қорғаныс вице-министрі Қаныш Әбубәкіров бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Әбубәкір қазір уақытта тергеумен құқық қорғау органдары, соның ішінде ішкі істер министрлігі мен әскери прокуратура айналысып жатқанын да айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, тергеу барысында кінәлі тұлғалар анықталып, ұлттық ұлан қолбасшылығына қатысты тәртіптік шаралар қабылданады. 

Сонымен қатар,  қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ, ол қорғаныс министрлігі Ербаянның отбасына қолдау көрсетіп, емделу кезінде көмектескенін айтты.

Бүгін Ербаян Мұхтардың жаназасы ертең Астана қаласында өтетінін жазған едік. 

Еске сала кетейік, Мұхтар Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүріп ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен. Әскери бөлім өкілдері сарбаз дәретханада құлап, басын ұрып алды деп мәлімдегенімен, туыстары бұл нұсқамен келіспеді. Алматыдағы ауруханада есін жиған кезде Ербаян өзінің соққыға жығылғанын ишаратпен түсіндірген. Алайда тағы бір отадан кейін ол қайтадан комаға түсті.

Алматы мен Астанадағы емнен кейін қазақстандықтар сарбазды шетелде емдету үшін 220 млн теңгеден астам қаражат жинап берді. 2024 жылдың күзінде Ербаян Түркияға оңалтуға жіберілген болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар