Алматы қаласында полиция қызметкерлері оқиға куәгерінің жедел хабарлауының арқасында адам ұрлау қылмысына жол бермеді, деп жазады Alash.kz.
Polisia.kz порталы таратқан мәліметке сүйенсек, қала тұрғыны белгісіз тұлғалардың ер адамды еркінен тыс көлікке отырғызып, белгісіз жаққа әкеткені туралы ақпарат берген.
Осы хабарламадан кейін құқық қорғау органдары дереу «Ұстау» жоспарын іске қосып, іздеу шараларына кірісті. Жедел іс-қимылдардың нәтижесінде күдікті автокөлік қысқа уақыт ішінде анықталып, құрықталды. Көлік салонын тексеру кезінде зардап шегуші азамат пен құқық бұзушылыққа қатысы бар бірнеше адам ұсталды.
Тергеудің алдын ала мәліметтері бойынша, қаскөйлер өздерін мемлекеттік орган өкілдері ретінде таныстырып, зардап шегушіге психологиялық ықпал етуге тырысқан. Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция оқиғаның нақты себептері мен басқа да мән-жайларын анықтау үстінде.