Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне елеулі өзгерістер енгізіліп, модерация процесі толығымен алынып тасталады, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл жаңашылдықтардың басты мақсаты педагогтердің шамадан тыс жүктемесін жеңілдету, оқушыларға қолдау көрсету және ата-аналар үшін ашық әрі түсінікті жүйе қалыптастыру екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа тәсіл білім сапасын арттыруға тікелей бағытталған.
Оқу-ағарту министрі: «Бастауыштағы бағалау – мұғалімнің ауыр, шамадан тыс жүктемесін азайту, баланы қолдау, ата-анаға ашық әрі түсінікті бағалау жүйесін жасау және ең бастысы, білім сапасын арттыратын әділ бағалау жүйесін қалыптастыру», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, министр бұрын-соңды болмаған Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында бағалау мәселесімен айналысатын арнайы бөлімнің құрылып жатқанын жеткізді. Бұл құрылым бастауыштағы бағалау процесін ғылыми әрі әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге жауапты болады. Атап айтқанда, тиісті мамандар типтік оқу бағдарламасына сәйкес әр бөлім бойынша аралық бақылау санын, формативті бағалаудың реті мен жиілігін, сондай-ақ бағалау критерийлерін әзірлейді.
Жұлдыз Сүлейменова: «Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, әдістемелік бағыттағы мамандар мен тәжірибелі ұстаздар барлық мектептерге арналған бірыңғай ұсынымдар әзірлейтін болады», – деді.
Министр модерацияны жою туралы шиеленісті мәселеге де тоқталды. Оның пайымдауынша, бұл процесс қазіргі уақытта көбіне формалды түрде жүргізіліп, педагогтерге артық салмақ салып отыр.
Бұл жайында Оқу-ағарту министрі: «Жаңа оқу жылынан бастап бастауыштың бағалау жүйесінен модерация алынып тасталады. Негізгі мақсатымыз - мұғалімнің жүктемесін жеңілдету. Қазір модерацияның көп жағдайда формалды түрде жүргізіліп, мұғалімге шамадан тыс жүктеме түсіргенін көріп отырмыз», – деп ашық айтты. Мұндай қадам мұғалімдердің негізгі оқыту процесіне басымдық беріп, артық әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бастауыш сыныптарда білім сапасын бағалау үшін диктант, мазмұндама, шығарма сияқты шығармашылық тапсырмалар мен математикадан бақылау жұмыстары қайта енгізіледі. Әрбір жұмыс түрін бағалаудың нақты критерийлері әзірленетін болады.
Жұлдыз Сүлейменова: «Енді баланың дағдылары да бағаланады. Яғни бұрынғыдай тек ақпаратты меңгеру деңгейі ғана емес, баланың нақты дағдылары ескеріліп, сол дағдылары тексеріледі», – деп түсіндірді.