ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Елена Әбдіхалықова Алмас Кішкенбаевқа қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
"Белгілі эстрада әншісі Алмас Кішкенбаевты сонау 1-сынып оқып жүрген кезінен білемін. Анасы Айнаш апа екеуі өзінен үлкен домбырасын арқалап, бір концертке қатысуға театрға келген. Алғаш рет тыңдап, театр толы көрерменмен бірге қол соқтық. Кейін Қызылорда Қазанғап Жоғары Музыка Колледжінде дәріс бердім. "СуперStar" жобасының қорытынды финалына Алматыға арнайы ұшып барып, жанкүйер болғаным бар. Ешқашан, еш жерде өрескел әдепсіздігін, өтірік сөйлеген көргенсіздігін көргенім жоқ. Есесіне, үнемі ілтипатпен, ізетпен, орнын білетін талантты бала болғаны үшін құрметтеп келемін. Ең бастысы, өнерде мәнері мен әдемі даусы, талғамы бар әнші деп бағалаймын", - деп жазды әнші.
Ол Алмасқа ағынан жарылып тілек білдірді.
"Әлем-жәлем желіде түрлі сөз желдей гулеп тұр. Ешкімнен соқыр тиын ұрламаған, тірі жанға зәбірі жоқ, талантты жастарды "жақтым күйе, жаптым жала" деп, түрмеге тоғыта берсек, қалай ел боламыз? Адам болған соң, қисық басатын сәттер де болатын шығар, дегенмен өз басым Алмастың қылмыс жасағанына сенбеймін! Қайта іштей Алмастың образын ашатын әндер болса деп тілеп жүремін. Бүгінгі эстрадада өз биігіне көтерілетін күні алда деп ойлаймын! Лайым, сол күнге жеткейсің, Алмас айналайын! Мұңайма! Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Тек аман жүргейсің!", - деп жазды Елена Әбдіхалықова.