Астанада, қала әкімдігінің алдында “Сабантой - 2024” мерекелік іс-шарасы өтті. Концерттік бағдарлама барысында Татарстан мен еліміздің әртістері өнер көрсетті, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
2024 жылғы 20 шілде күні елордадағы қала әкімдігінің алдындағы алаңда “Сабантой - 2024” мерекелік іс-шарасы өтті. Концерттік бағдарлама барысында Татарстан мен еліміздің әртістері өнер көрсетті. Сондай-ақ алаңда халық ойындары мен жарыстар, татар және башқұрт ұлттық киімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.
Бұл жайлы Астана қаласындағы Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері хабарлап, мерекелік іс-шара жайынан көпшілікті хабардар етті.
Айта кетейік, «Сабантой» татар және башқұрт халқының ұлттық мерекесі. Ол жыл сайын өткізіледі және адамдардың бойында мейірімділік, әділдік, достық пен толеранттылық қасиеттерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, деп жазды олар.
Ауқымды мерекеге Татарстан Республикасы Раисы Рустам Минниханов арнайы құттықтау хатын жолдады.
«Татарстан Республикасы Үкіметінің Мемлекеттік кеңесі атынан және өз атымнан сіздерді сүйікті Сабантой мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Татарлар қай жерде жүрсе де, Сабантойды ерекше толқыныспен күтеді. Онда халықтың өзіндік бірегейлігі бейнеленеді, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың ерекшелігі көрінеді. Бүгінде бұл ежелгі мереке заманауи бояулармен органикалық түрде толықты. Сабантойға белсенді қатысу барлық татарларға халқымыздың бірлігін тағы да атап өтуге мүмкіндік беріп, достық қарым-қатынастың ұмытылмас әсерін беретініне сенімдімін. Мереке өмірімізді қуаныш, жақсылық пен жасампаздық нұрымен толтыра берсін», - деп құттықтады Р.Минниханов.
Реті келгенде айта кетейік, ертең 21 шілдеде сағат 16.00-де «Жерұйық» саябағында аниматорлар өнер көрсетеді. Ал 17:00-ден 18:00-ге дейін Қуыршақ театрының қойылымын тамашалауға болады. Сағат 18.00-де «Цирк Дю Салем» қойылымы басталады. Ал сағат 19.00-ден 20.30-ға дейін әлеуметтік билер жоспарланған.