Астанада шетелдіктерге қашықтан заңсыз түрде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеп келген қылмыстық схеманың жолы кесілді, деп жазады Alash.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024–2025 жылдары заңсыз әрекетті ұйымдастырушылар әлеуметтік желілердегі арналар арқылы шетел азаматтарына елге келмей-ақ ЖСН алып беру қызметін ұсынған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдіктер бұл құжатты тек Қазақстан аумағында, ХҚКО-ға жеке өзі келіп және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана иелене алады.
Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қылмыстық жүйеге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана қалалық филиалының қызметкерлері де тартылған. Олар ХҚКО-ның ақпараттық жүйесіне шындыққа жанаспайтын мәліметтерді енгізу арқылы ЖСН алуға негіз болатын жалған өтінімдерді тіркеп отырған.
Қаржылық мониторинг агенттігі бұл іске қатысты ресми мәлімдеме жасап, былай деп атап өтті:
«Олар ХҚКО-ның ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген. Схемаға қатысушыларға ақша делдалдар арқылы беріліп отырған. Қылмыстық іс сотқа жолданды».