Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ел сені адам деп сайлаған соң ерінбей жиылысқа барып, елге пайдалы адамдарды сайлап, жағдайлы мекеме құрып бер

23:06, 27 мамыр 2024 401

Газетіміздің өткен санында да хабар айтып едік: Ақмола губернасында 15 августан қалдырмай губерна­лық ревком таратылып, болыстық, ояздық һәм губерналық исполкомдар құрылмақ болды. Екінші түрлі айтқанда, губернамыздың барлық ісі жоғарыдан белгіленіп, уақытша отырған адамдардың қолынан алынып, елдің өзі білетін, өзі сенетін, өзі сайлаған адамдардың қолына тапсырылмақ.

Тегінде ұғу керек: советтің негізгі заңы бойынша, жалпы Россия республикасының һәм республикадағы әрбір ауданның топ иесі, анық қожасы ревкомдар емес, исполкомдар, ревком - төңкеріс комитеті деген сөз. Оның мағынас­ы – әр жер төңкеріс болып, жаудан жаңа алынса, яки сол жерде аяқ астынан бір күшті көтеріліс шығып қалса, міне осы сияқты істердің артынан төңкеріс комитеті, яғни ревк­ом құрылмақ. Мұндайда уақыт та, іс те тығыз болғандығынан ревком мүшелерін ел сайламайды, жоғарғы өкімет белгілеп қояды. Бір жерде төңкеріс яки көтерілістен кейін болатын жүгенсіздіктерді жөнге салу үшін жоғарғы айтылған түрде құрылатын ревком, әрине, нағыз қолайлы мекеме. Бірақ ревком мүшелері жоғарыдан, көбінесе, шет жер адамдарынан белгіленетін болғандықтан, мүшелер жергілікті тұрмыспен жақсы таныс болмай, кей уақыт жергілікті елге жағдайсыз істер істеп тастауы мүмкін. Және адамның бәрі әулие емес, кей мүшелер төңкеріс комитетінде отырған соң төңкеріс жолымен елге күшті төрелік, орынсыз әкімдік көрсетіп жіберулері де ықтимал.

Ал енді исполком қандай мекеме, бұған мүшелерді кім сайлайды? Жауабы мынау: исполком жоғарыдан жасырып беретін мекеме емес, елдің өзі құратын мекеме, һәм оның мүшелерін ел жиылыс қылып өзі сайламақ. Жақын болсын, жат болсын ел өзі білетін, өзі сенетін адамдардан сайламақ. Жоғарыда исполком елдің түп иесі дегеніміздің мәнісі осы.

Биыл Ақмола губернасы Қазақстан республикасына көшкен соң, түрлі толқынды себептермен біздің губернамызда ревком да құрылып еді. Болыстық, ояздық һәм губерналық. Бұл күнде губернамызда ревкомдар құрылуға себепші болған жағдайлар жайланды. Толқындар басылды. Сондықтан уақытша қожа ревкомдар таратылып, түпкілікті исполкомдар сайланайын деп отыр.

Ақмола губернасының қазағы! Өзіңе қолайлы, жағдайлы мекеме керек болатын болса, ерте күннен даярланып, күніңе, шаруаңа пайда келтірер деген азаматтарыңды кіргізіп, мына исполкомдарыңды сайлап ал. Іс басында жүргендер әрбір әу дегендерін істеп, өз адамдарын сайлап қояды, бізге тізгін бермейді деп қарадай қажуға орын жоқ. Россия республикасында барлық істі жүргізіп отырған коммунист (большевик) партиясы биыл жазғытұрым болып өткен 10-жиылысында бұдан былай іс басына коммунист партиясында болмаған адамдар да кіруі мүмкін, мүмкін емес, кірсін; болмаса яғни партияда болмаған елге сенімді адамдар іс басына отырмаса, мемлекет ісін жақсы алып барарға болмайды деп қаулы шығарып отыр. Міне, осы сөз – сөз. Жергілікті жолдастардың бұл сөзді аңдап оқып, енді билікке салулары мүмкін емес, сондықтан иеңді тап, ие тапқанда, кім болса о болсын, пайдалысын, адалын тап.

Бұрынғы аурулары аздай-ақ соңғы бір-екі жыл ішіңде біздің ел тағы бір ауру жамап алды. Пысықша бір адам бір жиналыста делегат болып сайланады. Жиналыста болып, сайлаған елдің жай-күйін айтып елге пайдалы іс етейін деген оймен емес, жұмысқа айдамасын, лау тартқызбасын деген сықылды ұсақ ойлармен. Осындай пысықшалардың елге келтірген зияны аз емес. Сайланып тұрып бармай қалып, талай жиылыста қазақ делегатының саны аз болып, қазақ осы талай ұтылып жүр.

Ел сені адам деп сайлаған соң ерінбей жиылысқа барып, елге пайдалы адамдарды сайлап, жағдайлы мекеме құрып бер. Пәлен-түгендер «төре» болып алып, қиындап барады деп зарлайсыңдар. Құр көз жасымен не біткен? Алма өзі ауызға қашан түскен? Түгендердің төре болмауы, ел, өзіңнің колыңда. Ел, даярлан. Түпкілікті исполкомдарыңды сайлап ал.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ,

«Сайлау» мақаласынан

Дереккөз: Мағжан Жұмабаев. Шығармалары (әдеби басылым). 2 том, - Алматы, 2013

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар